«Әділет» партиясының кандидаттары «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының еңбек ұжымымен кездесті. Жиынға партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттар Данияр Асқарұлы мен Құланбаева Гүлбаршын Қайратқызы қатысты.
Кездесудің мақсаты – партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым міндеттерді талқылау және сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдау.
Кандидаттар бағдарламаның негізгі бағыттарына тоқталып, ел экономикасын нығайту, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбек адамының мәртебесін көтеру және өндіріс салаларын тұрақты дамыту мәселелерін атап өтті. Әсіресе, энергетика секторын қолдау мен оның әлеуетін арттыруға назар аударылды.
Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамытуда республикадағы жетекші өңірлердің бірі. Өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт болатын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 6 гидроэлектр станциясы, 10 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы бар.

«Әділет» партиясының Жамбыл облысы бойынша 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және экологиялық жағдайды жақсартуға басымдық берілген. Бағдарламаға сәйкес, 2031 жылға дейін жаңартылатын энергия көздері бойынша 5 жобаның іске асырылуына ықпал ету көзделген. Бұл электр энергиясын өндіру көлемін арттыруға және нысандарға қызмет көрсету үшін тұрақты, жоғары білікті жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында газ саласының өңір экономикасы мен тұрғындардың күнделікті өміріндегі маңызы да талқыланды. Газ инфрақұрылымының үздіксіз жұмысы өндіріс орындарының қызметі мен халықтың тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қатысушылар инфрақұрылымды дамыту, қолданыстағы желілерді жаңғырту, халықты табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету және өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейту және кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасау мәселелері көтерілді.
«Әділетті болашақ құру үшін халықпен ашық диалог орнатып, еңбек адамдарының ұсыныс-пікірлерін ескеру маңызды. Әділетті қоғам ең алдымен азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғаудан, олардың еңбегін бағалаудан басталады», – деді депутаттыққа кандидат Құланбаева Гүлбаршын Қайратқызы.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, кандидаттар қатысушылардың сауалдарына жауап берді. Мұндай кездесулер сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіруге және еңбек ұжымдарының ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік береді.
Еңбек адамына құрмет көрсету, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау – әділетті қоғам құрудың маңызды негізі. Ал энергетика саласының тұрақты дамуы елдің экономикалық қауіпсіздігі мен өңірлердің өркендеуіне ықпал етеді.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Д. А. Каипов.
Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражатынан төленді.