Жамбыл облысында оқушылар арасында «Жайдарман» ойындарының фестивалі өтті — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбыл облысында оқушылар арасында «Жайдарман» ойындарының фестивалі өтті

6

Жамбыл облысында мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған «Оқушылар фестивалі» атты облыстық «Жайдарман» ойындары ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылар арасында жайдарман қозғалысын кеңінен насихаттау, жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ жастарды тапқырлыққа, мәдениеттілікке және ұжымдық ынтымақтастыққа баулу.
Фестивальге облыс орталығы мен аудан мектептерінен іріктелген 10-ға жуық оқушылар командасы қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттері мен сахналық шеберліктерін ортаға салды. Ойын барысында қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл арқылы жеткізіп, тапқырлықтарын, ой ұшқырлықтарын және командалық бірліктерін жоғары деңгейде көрсетті.
Тартысты әрі қызықты өткен сайыста әр команда өзіндік ерекшелігімен көзге түсіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушылардың өнерін қазылар алқасы сахналық мәдениеті, шығармашылық ізденісі, әзілдерінің мазмұны мен орындаушылық шеберлігі негізінде бағалап, үздік командаларды анықтады.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды «Дара жол» мектебінің «Абай бол» командасы иеленді. ІІ орын Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың «Креатив» командасына бұйырса, ІІІ орынды Бұрыл орта мектебінің «Бұрыл вайб» командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар, ойын барысында ерекше тапқырлығымен және сахналық шеберлігімен көзге түскен «Тәтті» командасының ойыншысы Жанел Нұрғали Мақсатқызы «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды.
Облыстық «Оқушылар фестивалі» жасөспірімдердің шығармашылық бастамаларын қолдауға, олардың өз ойын еркін жеткізуіне, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіруге және сахналық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Аталған іс-шара оқушылар арасында жайдарман қозғалысын одан әрі дамытуға, білім беру ұйымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға және жас таланттарды анықтауға оң ықпал етті. Сонымен қатар, фестиваль жас буынның қоғамдық-мәдени өмірге белсенді араласуына, өзара достық пен ынтымақтастық құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды шығармашылық алаңға айналды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.