Жамбыл облыстық «Жайдарман» премьер-лигасының финалдық ойыны өтті — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбыл облыстық «Жайдарман» премьер-лигасының финалдық ойыны өтті

8

Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Көктал ауылында облыстық «Жайдарман» Премьер-лигасының финалдық ойыны жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған іс-шара өңір жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ жастар арасында тапқырлықты, мәдениеттілікті және өзара ынтымақтастықты насихаттауға бағытталды.
Маусым бойы өздерінің ерекше өнерімен, әзілдік шеберлігімен және шығармашылық ізденістерімен көзге түскен облыстың әр ауданынан іріктелген үздік бес команда финалдық кезеңде чемпиондық атақты сарапқа салды.
Финалдық ойын «Сәлемдесу» және «Бес жаңалық» атты екі кезеңнен тұрды. Сайыс барысында командалар өздерінің сахналық мәдениетін, тапқырлығын және шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетіп, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Қатысушылардың өнерін облыстың мәдениет және өнер саласының тәжірибелі мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша І орынды Тараз қаласының «Гамма» командасы иеленіп, облыстық Премьер-лиганың чемпионы атанды. ІІ орын Меркі ауданының «Тәтті» командасына бұйырса, ІІІ орынды Байзақ ауданының «Болашақ жұлдыздар» командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар, ойын барысында ерекше тапқырлығымен және жеке өнерімен көзге түскен Тұрар Рысқұлов ауданының «Құлан» командасының ойыншысы Ерзат Мырзабек «Үздік ойыншы» номинациясына ие болды.
Облыстық «Жайдарман» Премьер-лигасының финалдық кезеңі өңірдегі жастар шығармашылығын қолдауға, ауданаралық мәдени байланыстарды нығайтуға және жас өнерпаздардың қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік берді.
Аталған іс-шара жастар арасында жайдарман қозғалысын одан әрі дамытуға, жаңа таланттарды анықтауға және олардың қоғамдық-мәдени өмірге белсенді араласуына оң ықпал етті. Сонымен қатар, финалдық ойын жастардың бірлігі мен достығын нығайтып, өңірдегі шығармашыл жастарға қолдау көрсетудің маңызды алаңына айналды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.