Таразда Мухамет-Омар Паншаевтың көрмесі өтті — "Munaranews"
A place where you need to follow for what happening in world cup

Таразда Мухамет-Омар Паншаевтың көрмесі өтті

16

Достық үйінің көрме залы кезекті мәрте өнерсүйер қауымның бас қосатын рухани мекеніне айналды. Мұнда 2026 жылдың 18 қыркүйек күні белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, жерлесіміз Мухамет-Омар Паншаевтың «Туған өлке» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Экспозицияға суретшінің 20 туындысымен қатар, оның жолын қуған жас дарындардың — Шерхан Муртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті «Көркем еңбек және сызу» білім беру бағдарламасы студенттерінің 30-дан астам еңбегі қойылған.
Көрмеге қойылған әрбір туындыда туған жердің табиғаты, ел тарихы, адамдардың жан дүниесі мен тағдыры терең ашылған. Жанрлардың әртүрлілігі мен суретшілердің өзіндік қолтаңбасы арқылы көрермендер қылқалам шеберінің жан-жақтылығын және жас қылқалам шеберлерінің зор талантын анық байқай алды. Көрмеге қойылған туындылардың атауы да сырлы да сырбаз өнердің тілімен сөйлеп тұрғандай. Атап айтар болсақ, шебер ұсынған жұмыстардың арасынан «Милянфандағы аула», «Көктем», «Ана» туындылары мен бірқатар этюдтер сериясын көруге болады. Ал университет студенттері ұсынған туындылардың ішінде Ерасыл Әлшораның «Еркіндік» және Лейла Құрманғалиеваның «Ұлы дала мұрасы» еңбектері көпшіліктің айрықша назарын аударды.
Салтанатты шарада қылқалам шеберін көрменің ашылуымен Тараз қаласы Жібек жолы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Олжабаев, қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты Амангелді Карентаев, Жуалы ауданындағы №1 Балалар өнер мектебінің директоры, мүсінші, «Тараз — Қазақстан Суретшілер одағы» ҚБ мүшесі Қанат Мұратаев, сондай-ақ Шерхан Муртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Студенттермен жұмыс және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Гүлшат Құлабекова арнайы құттықтады.
Шараға жиналған қонақтар суретшінің туындыларына жоғары баға беріп, оның ұлттық өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Дәурен Тайлеев көрмеге ерекше атсалысқан белсенді азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.
«Туған өлке» көрмесі Атамекенге деген перзенттік махаббатты тек сөзбен емес, бояулардың сиқырлы тілімен де жеткізуге болатынын тағы бір мәрте айшықтап берді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.