Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Бақыт Қыстаубайұлы Шағырбаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Өнерден өмір серігін тапқан» атты сырласу кеші өтті.
Тағылымы мол тағдыр мен өнер жолын сабақтастырған кештің басты мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтап, қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген айтулы әншінің шығармашылық жолын дәріптеу, өнерге сіңірген еңбегін бағалау және кейінгі ұрпаққа өнеге ету.
Қазақтың дәстүрлі ән өнері – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы. Ән арқылы ұлттың тарихы, салт-дәстүрі, қуанышы мен мұңы, арман-аңсары ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. Осындай асыл мұраны өзінің кәсіби шеберлігімен дәріптеп, халыққа жеткізіп жүрген өнер иесі Бақыт Қыстаубайұлының шығармашылық жолы – еңбек пен ізденістің, табандылық пен өнерге деген адалдықтың айқын көрінісі.
Бақыт Шағырбайұлының өнер жолы Қаратау қаласының мәдениет үйінен бастау алып, кейін кәсіби сахнада жалғасын тапты. Әнші әр жылдары түрлі өнер ұжымдарында еңбек етіп, ұлттық музыка өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосты. 2001–2006 жылдары Еуразия ұлттық университетінің «Қоңырқаз» ансамбліне жетекшілік етсе, 2006–2014 жылдары Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда әнші болып қызмет атқарды. Ал 2014 жылдан бастап Жамбыл өңірінің мәдени-рухани өміріне белсене араласып, туған жерінің өнерін өркендетуге үлес қосып келеді.
Өнерпаздың шығармашылық репертуарынан халық әндерімен қатар дәстүрлі әндер мен термелер кең орын алады. Оның орындау мәнерінен ұлттық бояу, өзіндік нақыш пен орындаушылық шеберлік анық байқалады. Әнші үшін сахна – тек ән орындайтын орын емес, халықпен сырласатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани орта.
Ұлттық өнерді әлемге танытқан рекорд
Бақыт Қыстаубайұлының шығармашылық жолындағы айтулы жетістіктерінің бірі – 2026 жылғы 22 шілдеде Тараз қаласында жүзеге асқан этномузыкалық марафон.
Өнерпаз 6 сағат 40 минут бойы 114 әнді үздіксіз орындап, өзін баянмен өзі сүйемелдеді. Бұл өнер жолындағы үлкен төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап ететін ерекше орындаушылық тәжірибе болды.
Нәтижесінде аталған көрсеткіш GBR (Global Best of Records) әлемдік рекордтар ұйымының «Ең ұзақ этномузыкалық марафон» номинациясы бойынша әлемдік рекорд ретінде тіркелді. Өнерпаздың бұл жетістігі Азия және Африка елдерінің Әлемдік рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді.
Бұл – Бақыт Шағырбайұлының жеке шығармашылық жетістігі ғана емес, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің мүмкіндігін кеңінен танытқан маңызды мәдени оқиға. Өнерпаздың әлемдік рекорд орнатуы арқылы ұлттық ән өнерінің құндылығы мен өміршеңдігіне тағы бір мәрте назар аударылды.
Өнер мен өмір тоғысқан сырласу
Мерейтойлық кеш дәстүрлі концерттік форматтан бөлек, сырлы сұхбат пен естелікке құрылды. Кеш барысында Бақыт Шағырбайұлының өнердегі қалыптасу жолы, шығармашылық ізденістері, азаматтық болмысы, әріптестерімен қарым-қатынасы, шәкірт тәрбиесі және отбасы құндылықтары кеңінен сөз болды.
Мерейтой иесінің замандастары, әріптестері, достары, шәкірттері мен туған-туыстары сахна төрінде өнерпаз туралы естеліктерімен бөлісіп, оның адамдық қасиеті мен азаматтық болмысына тоқталды. Әрбір жылы лебіз бен жүрекжарды тілек Бақыт ағамыздың өнердегі және өмірдегі орнын айшықтай түсті.
Кешке арнайы шақырылған қонақтар қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Өскенбай Мәдиев, Облыстық билер Кеңесінің төрағасы Оңласын Есіпкепов, Облыстық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков, Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің төрағасы Қибат Асқарбеков, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев, филармония әншісі Ержан Ыдырысов, жоғары оқу орнының аға оқытушысы Бақытжан Мақашев, сондай-ақ өнерпаздың өмірлік жары Айгүл Тілегенқызы, досы әрі әріптесі Шахан Қожа, туған-туыстары қатысты.
Қонақтар мерейтой иесінің шығармашылығына жоғары баға беріп, ұлттық өнерге сіңірген еңбегін атап өтіп, алдағы шығармашылық жолына толағай табыс тіледі.
«Өнерден өмір серігін тапқан»
Кештің «Өнерден өмір серігін тапқан» деп аталуы да ерекше мәнге ие. Өйткені өнер жолы – сырт көзге сахна төріндегі әдемі көрініс болғанымен, оның артында тынымсыз еңбек, ізденіс, талай сынақ пен жауапкершілік жатыр.
Осындай ұзақ шығармашылық жолда өнер адамына отбасының қолдауы мен түсіністігі аса маңызды. Бақыт Шағырбайұлының өмірлік жары Айгүл Тілегенқызы кеш барысында отбасылық өмір, жұбайының азаматтық болмысы және шығармашылық жолдағы өзара қолдау туралы сыр бөлісті.
«Жақсы әйел – ердің ырысы» деген халық даналығының мәні осындайда терең сезіледі. Өнер адамының қуанышын бөлісіп, қиындығын бірге көтеретін, сахнадағы жетістігіне тілекші болатын жанның еңбегі де үлкен құрметке лайық.
Әнмен өрілген кеш
Сырласу кеші ән мен жырға, естелік пен ақжарма тілекке ұласты. Кеш барысында Бақыт Шағырбайұлының орындауында дәстүрлі әндер мен термелер орындалып, ұлттық өнердің әсем үні көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар өнердегі әріптестері мен жас өнерпаздар да өз өнерлерін ортаға салып, мерейтой иесіне ән шашуларын арнады.
Кештің әр сәтінен өнерге деген құрмет, аға буын мен кейінгі ұрпақ арасындағы сабақтастық анық байқалды. Өйткені ұлттық өнердің өміршеңдігі – оның қадірін білетін, үйренетін және кейінгіге жеткізетін ұрпақтың болуына байланысты.
Алпыс жыл – адам өміріндегі айтулы белес. Ал өнер адамы үшін бұл – өткен жолды саралап, шығармашылық еңбегіне көз жүгіртіп, кейінгі буынға аманат қалдыратын маңызды кезең.
Бақыт Қыстаубайұлы үшін ән – жай ғана өнер емес. Ән – халықпен тілдесудің, ұлттық рухты жеткізудің, ел тарихы мен салт-дәстүрін дәріптеудің құралы. Оның өнердегі ғұмыры осы ұстаныммен сабақтасып келеді.
Мерейтойлық кеш соңында өнер иесіне зор денсаулық, отбасына амандық, шығармашылық шабыт пен ұзақ ғұмыр тілектері айтылды.
