A place where you need to follow for what happening in world cup

Облыс әкімі пилоттық жоба аясында бөлінген қаражатты игеруде жұмысы әлсіз  басшыларды сынға алды

204

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартудың пилоттық жобасының жүзеге асыру барысына баса мән беріп отыр. Ол өзінің аудандарға жасаған жұмыс жұмыс сапарларында да аталған жобаның орындалу жайына айрықша көңіл бөліп, пилоттық округтерге міндетті түрде ат басын бұруда. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте жан-жақты сараланды. Сондай-ақ, басқосуда аумақтарды абаттандыру және санитарлық тазалау  шаралары назарға алынды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, пилоттық жобаның бес бағытының төртеуі толығымен қаржыландырылған. Бүгінгі таңда тек мал сатып алуға арналған 500 миллион теңгеге жуық қаражат игерілмей отыр. Ол бұл жұмыстардың бір апта ішінде аяқталатынына сендірді.

Облыс әкімі қанатқақты жобаның ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті, алайда оны ұйымдастыру жұмыстары уақытылы шешімін таппай отырғандығына қынжылыс білдірді.

— Қаражат төрт ай бұрын бөлінген, бірақ біз әлі де оны толық игере алмай отырмыз. Жобаның болашағы біздің бүгінгі жұмысымызға  байланысты. Алғашқы кезең жемісті жүзеге асқан жағдайда ғана жобаны одан әрі қаржыландыру шаралары жалғасын табатын болады,- деп атап өтті аймақ басшысы.

Өңір басшысы ұсынылған мәліметтердің арасындағы алшақтықты сынға алып, аудандардың ешқайсысы белгіленген мерзім – 10 наурызға дейін жұмыстарды толық аяқтап үлгермегенін алға тартты.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне бір апта ішінде бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

— Егер біз бөлінген қаражатты ұтымды ұқсата алмайтын болсақ, жобаға қатысушылардың саны көбейген кезде жұмысты қалай жүргіземіз? – деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев жоба аясында түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығын, ал құрылған кооперативтердің қатарына ұсақ шаруа қожалықтарын тарту және олардың аграрлық секторды дамытудың локомотиві болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, бір ғана шағын облыста 18 мыңнан астам шаруа қожалықтарының болуы бұл ауыл шаруашылығы субъектілерінің ұсақталып кеткендігін және  саладағы жұмыстардың әлсіздігін аңғартатыны айтылды.

Жиын барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров мамыр айына дейін созылатын аумақты абаттандыру және тазалау жөніндегі екі айлықтың басталғандығын хабарлап, жоспарлы шараларды баяндады. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстарға 4,1 млрд. теңге қаражат қарастырылған десек, оған 129,5 мың көшет отырғызу, 1,4 шақырым арықтар мен арналарды тазарту шаралары атқарылмақ. Өңір басшысы бөлінген қаражатты барынша тиімді пайдалану керектігін тілге тиек етті.

Н.Алдамжаровтың айтуынша, аймақ басшысының бұған дейін жүктеген облыстық басқармаларға Тараздың демалыс орындары мен саябақтарын бекітіп беру туралы тапсырмасы орындалған. Осы орайдағы жұмыстар аудан орталықтарында да қолға алыну керек.

— Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлген дұрыс. Ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарының сапалы орындалуын қадағалау керек. Бір ғана қарағай көшетімен шектелуге болмайды. Орман шаруашылығы тәлімбақтарымен тығыз байланыста жұмыс істеңіздер. Ағаш отырғызуда әр ауданның табиғи-климаттық жағдайын ескеріңіздер. Алда Наурыз мерекесі. Біз мерекені таза және жақсы жағдайда қарсы алуымыз керек, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ, басқосуда экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Бағдарлама аясында өткен жылы үш аудан орталығында үш миллиард теңгеден астам қаржыға 103 жоба жүзеге асырылды. Алайда, мердігердің кінәсінен Шу ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталмаған. Қазіргі уақытта ол бойынша сот процесі жүруде. Ал, ағымдағы жылы бағдарлама шеңберінде 5,9 млрд. теңгеге 92 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар, ұлттық экономика министрлігі жалпы құны 4,8 млрд. теңге болатын тағы да 148 жобаны мақұлдаған.

Жиынды қорытындылаған Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне шаруа қожалықтарындағы азық-түлік қорын зерделеуді, оларлдың артық өнімдерін өткеруді тікелей облыс нарықтары немесе тұрақтандыру қоры арқылы жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ жалақы қарыздарын өтеу жөніндегі жұмысты күшейту, банкротқа ұшыраған өндірістер орындарындағы конкурстық басқарушылардың қызметіне қатаң бақылау жасау, әлеуметтік нанның және басқа да қоғамдық маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу қажеттігін ескертті.

 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.