A place where you need to follow for what happening in world cup

Анамдай ана болу – арманым

241

Осы тақырыпты бастадым да, жаза алмай біраз қиналып отырдым. Себебі, бірден жазыла кететін ой емес екен, әбден толғандырады. Анадан басқа жақындарымызға «мен сізді жақсы көремін» деп оңай айта алатынымыз да жасырын емес қой. Сол секілді шын сезімді сөзбен жеткізу ең қиыны. Бірақ анамыз ең жақынымыз, ең жақсы көретініміз.

Бас-аяғы үш-ақ әріптен құралған «ана» сөзінің мағынасы түсінген адамға түпсіз теңізден терең, жеті қат аспаннан да биік, мөлдір судан да таза.

Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтеріп, маған жарық дүниені нәсіп етіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген, бақытты балалықтан осы күнге жеткізген аяулы анамның есімі – Зина. Анама газеттің мерекелік санын орайлы пайдаланып, бір үзік толғаныс жазып,  мерекелік көңіл сыйлағым келді…

Отбасында бес ағайындымыз. Ағам және үш әпкем. Қалғандары ер жетіп, үйде екі қыз қалғанбыз. Әке мен ана балаларын ешкімнен кем қылмай өсіру үшін барын салады емес пе?! Кішкентай кезімде әкем қалаға жұмыспен жол жүріп кететін. Ал анам үйде отырмай, кішігірім саудаға шығатын. Сонда содан түсетін пайда бір аптада көп дегенде 1000 теңге болатын. Бірақ, ол жылдар ақшаның құнды кезі еді. Аптаның соңына қарай жиналған 1000 теңгені  алып, анам дүкенге кіретін. Біз ілесе кіретінбіз. Біз үшін ең бақытты сәт сол болатын. Себебі, анам үйге азық-түлікпен қоса бізге кәмпит алатын. Қуанышымызда шек болмай үйге қайтатынбыз. Анам таңертең кетер алдында әпкем екеуімізге үйді таза ұстауды тапсырып кететін. Біз орнымыздан тұра салысымен алдымен шәйімізді ішіп, қуаттанып алатынбыз. Содан соң үй тірлігі ыдыс жуу, үй жинау, даланы сыпырумен жалғасып, аяғында бақшаны суғарумен аяқталатын. Жұмысымызды аяқтай салысымен екеуіміз жүгіріп отырып анама барамыз да, оның жиналып жатқанын көре сала, қолындағы заттарын жарыса көтерісіп үйге қайтатынбыз. Өзгеден кем болған жоқпыз. Анам азын аулақ ақшасын бізді киіндіруге де жеткізетін. Басқа балалардан қалмай әдемі киімдер киіп өстік.

Қызығы, анам сабағымызға араласпайтын. Өзіміз оқып, үй жұмысын өзіміз орындап, күнделікті  бестікке толтырып, қуантатынбыз. Мектептегі ата-аналар жиналысына да көп бара бермейтін. Себебі, сынып жетекшіміз біз туралы жақсы сөз айтатынына сенімді еді.  Кейін мектеп бітіріп, үлкен қалаға оқуға түскенімізде де сирек телефон соғатын. Себебі де сол, бізге деген сенімін сейілтпеген. Бұл анамның жігері жайлы тек үзінді ғана. Анамның біз үшін төккен тері, жұмсаған қайраты шексіз.

Қазір ұл-қыздары отбасын құрған, бәрі бір-бір шаңырақта. Мен сүт кенжесімін. Сондықтан болар маған деген көңілі тым бөлек, тым ерек. Қазір қолында немерелері болса да, мені барлығынан ерекше көріп тұрады. Жұмыстан келгенімше бар тәттісін маған сақтап, мені тағатсыздана  күтеді. Кей күндері қалаға жол жүріп кетемін. Сондай сәтте «үйде сен болмасаң, ұйықтай алмаймын» деп жабырқайтыны бар.

Қыз деген жат жұрттық. Өкініштісі сол, анамыздың қасында қалағанымызша қала алмаймыз. Соны ойласам жүрегім сыздап қоя береді. Сондықтан маған мәнді өмір сыйлаған анама жақсылық атаулының барлығын жасай бергім келеді. Көңіліне еш қаяу түспесе екен деймін. Тек қуанышты сәттеріне куә болсам деймін. Күннен күнге қара шашын қырау шалып, жүзіне әжім сызаты түскенін байқап: «Не деген қайратты, қажырлы, еңбекқор жан еді?» деп таңданамын. Анасы бар мендей жан ең қамсыз, ең бақытты.  Мен анамның алдында мәңгі қарыздармын.  Өмірде мен ұқсағым келетін бірден бір жан болса – ол менің анам. Менің арманым — анамдай ана болу!

Балнұр ҚАРАМОЛДА

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.