Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, мектеп, аурухана, кәсіпорын ұжымдарымен және аудан тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ, «Қаралма» тау шаңғы базасында болды.
Аймақ басшысының аудандағы жұмыс сапары Теріс -Ащыбұлақ су қоймасынан басталды. Онда бүгінгі таңда 50 миллион текше метрден астам су жиналса, бұл қажетті көлемнің үштен бір бөлігін ғана құрайды. Оның басты себебі қыс мезгілінде қардың аз түсуі. Айталық биыл тауларда әдеттегіден 40 пайызға аз қар жиналған. Сондықтан жергілікті әкімдік «Қазсушар» РМК — мен бірлесе отырып, ерте бастан шаруа қожалықтарын аралап, вегетациялық кезеңде су мәселесі орын алмас үшін негізінен ылғалды көп қажет етпейтін дақылдарды егуге басымдық беруде. Бердібек Сапарбаев аталмыш жұмыстарды қолдап, бұл жағдай Жуалы ауданында ғана еместігін алға тартты.
Бұдан соң облыс әкімі Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылындағы 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның қызметімен танысты. Ал ауылдағы 1076 орындық Тайыр Тастандиев атындағы №11 мектепте бүгінде бар болғаны 316 ғана оқушы білім алуда. Өңір басшысы мектеп ғимаратының қасбетін жөндеу керектігіне назар аударып, оны артық шығынсыз-ақ қалыпқа келтіруге болатынын жеткізді.
Мәдениет үйінде бәйтеректіктермен кездескен Бердібек Сапарбаев облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы бойынша тиісті қаражаттың толық игерілмегендігіне, ауылдағы емдеу мекемесі мен әкімдіктің бір ғимаратта орналасқандығына көңіл бөлді. Жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа амбулатория салу керектігін айтып, ол бойынша жауапты тұлғаларға тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Ауылдықтар жергілікті әкімдік қосалқы шаруашылыққа жер телімдерін бөлу мәселесін 10 жылдан астам уақыт бойы шеше алмай отырғандығын айтып шағымданды. Б. Сапарбаев бұл мәселе бойынша жауапты тұлғаларға тез арада тексеріс жүргізуді және оның қорытындысы бойынша өзіне баяндауды ескертті.
Қызыларық ауылдық округіндегі Ы.Алтынсарин атындағы № 17 орта мектепте облыс әкімі ауданның білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бүгінде аудан бойынша 39 мектеп пен 32 балабақша жұмыс істеуде десек, жалпы орта біліммен 11 244 бала қамтылған. Бұл бағыттағы көптеген мекеме ғимараттары күрделі жөндеуді қажет етеді.
Жергілікті ақсақал Серік Садыров техниканың тапшылығына шағымданып, оның бағасының көрші мемлекеттермен салыстырмалы түрде алғанда әлдеқайда қымбаттығын алға тартты.
— Шағын шаруашылықтар кооперативтерге бірігуі тиіс. Сол арқылы тиімді несиелендіруге қол жеткізе алады. Тұқым сапасына ерекше назар аудару қажет. Жоғары сапалы тұқым сепсең жақсы өнім аласын, — деді Б. Сапарбаев.
Алатау ауылындағы ескі ғимаратта орналасқан мектептің жай-күйі көңіл көңшітпейді. Бұл орайда 100 орындық жаңа мектептің жобасымен танысқан аймақ басшысы жобаның қажеттілігін атап өтіп, алайда құрылыс құнының тым қымбаттығын сынға алды.
Келесі нысан – Б. Момышұлы ауылындағы аудандық орталық аурухана болды. 98 төсектік аурухананың құрал-жабдықтармен қамтылуы деңгейі 92 пайызды құрайды. Бүгінде онда екі айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры сақталған. Медициналық маскалар жеткілікті.
Мекемедегі басты мәселелердің бірі – дәрігер тапшылығы. Қазіргі таңда ауруханаға алты дәрігер жетіспейді. Сондай-ақ, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша әлі күнге 2817 жуалылық тіркемеген. Бас дәрігер Алпысбай Батихан 16 наурызға дейін бұл бағыттағы жұмыстар толғымен аяқталатынына сендірді. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев скрининг жүргізудің, ана мен бала өлімін азайтудың маңыздылығын а тоқталды.
Халыққа қызмет көрсету орталығына барған кезде Б. Сапарбаев келушілерге сапалы қызмет көрсетуге, балаларға арналған мемлекеттік әлеуметтік пакеттерді уақтылы ресімдеуге және дер кезінде үлестірілуіне назар аударды.
— Атаулы әлеуметтік көмек алмайтын адамдармен тығыз жұмыс істеу керек. Оларға жұмыс тауып берсек – үлкен көмек болар еді. Тек кепілді жұмысқа орналастыру мүмкіндігі болғанда ғана жаңа мамандықтарға ғана оқыту керек, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, аудандағы ірі кәсіпорындардың бірі «Бурное сыр зауыты» ЖШС ірімшіктің сегіз түрін және басқа да сүт өнімдерін өндіруде. Зауыт алдағы уақытта айран мен йогурт есебінен өнім желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Б. Сапарбаев бұл бастаманы қолдап, оған барынша көмек көрсетуге уәде берді. Кәсіпорында 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жылына 17,5 мың тонна битум шығаратын «ШақпақДорСервис» ЖШС жаңа зауыты іске қосылмақ. Оған газ құбырының тартылмауы айтарлықтай кедергі болып отыр.
Құны 3,8 миллиард теңге болатын «Қаралма» тау шаңғысы туристік базасы құрылысы қызу жүргізілуде. Қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Бүгінде аспалы жолдың арқандары тартылып, 20 коттедж салынуда. Облыс әкімі бұл кешен толығымен іске асқан кезде туризмді дамытудың локомотивіне айналу мүмкіндігін, жергілікті билік ол үшін барлық жағдайды жасайтынын жеткізді.
Аудан тұрғындарымен өткен қорытынды кездесуде жуалылықтар медициналық қызмет көрсету сапасына наразылық білдірді. Жиында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан Қарасаз ауылына қарай өтетін көпір салу, механикаландырылған жасақ жұмысын қайта жаңғырту, қараусыз ескі жеміс бақтарын баптауға ниетті шаруаларға беру, ауылдарды газдандыру ісін жеделдету мәселелері көтерілді.
— Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін халықаралық қаржы институттарымен жұмысты жалғастыратын боламыз. Алайда, алдымен арналар мен су қоймаларын ретке келтіру қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамыту керек. Жуалы ауданы картоп шаруашылығына әбден төселген. Бұл орайда аудан картоппен түгел облысты қамтамасыз етуге қауқарлы. Топырақтың құнарлылығын арттыру, минералды тыңайтқыштарды пайдаланудың маңыздылығы зор. Ауыспалы егістік жүйесін енгізу керек,- деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ, пилоттық жоба бойынша бөлінген қаражатты игеруді 10 наурызға дейін аяқтау қажеттігі, келесі аптада ол бойынша аудан әкімдері нақты есеп беретіндігі айтылды.
«Жаңа медпункттер салатын боламыз. Соған сәйкес емдеу ісі де сапалы жүргізілуі тиіс. Өкінішке орай, ақхалаттылардың емделушілермен қарым-қатынасындағы мәдениетіне қатысты шағымдар аз емес. Алатау және Дихан ауылдарында ескі мектептердің орнына жаңа мектептер салынады. Бұл орайда бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына мән беріп, жобалардың сметалық құнын қайта қарағандұрыс.
Мен әкімдерден халықпен жиі кездесуін, олардың көтерген мәселелеріне дер кезінде назар аударуын талап етемін. Олардың жұмысы осы тұрғыда бағаланатын болады. Жақын арада тұрғындардың мәселелерін шешу үшін барлық ведостволардың бірінші басшылары аудандар мен ауылдарды аралай бастайды, — деп түйіндеді Б.Сапарбаев.