A place where you need to follow for what happening in world cup

Шеше көрген – тон пішер

268

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өз тарихымызбен бұрынғыдан да артық мақтануға мүмкіндік туғызып отыр. Себебі, қазақ ұлтының біздің буын біле бермейтін ұлы істерге толы өткені бар.

«Ата өнері – балаға мұра» демекші, атадан балаға мұра ретінде келе жатқан өнердің бірі – қолөнер. Қазақ халқында «Шебердің қолы ортақ»деп қолөнершілердің өнерін, ісмерлігін, шеберлігін бағалаған.
Белгілі бір өнер түрімен айналысу үшін адамда дарын мен қабілет немесе туа біткен қасиет болуы керек. Сонымен қатар, он саусағынан өнер тамған шебер болу үшін асқан төзімділік, шыдамдылық және еңбек қажет.
Қолөнер шебері Ботагөз Құрбанбаеваны бізге Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебінің директоры Майра Шәкірбаева ұсынды. Мектептің қолөнер сыныбына сұхбаттасу мақсатында кіргенімізде шебер қолөнер бұйымын жасап отыр екен. Сынып бөлмесінде балалармен бірлесіп жасаған түрлі қолөнер бұйымдары қойылған. Ол жақын арада ауданда балалар арасында өтетін байқауға дайындық үстінде екен.
Ол 1986 жылы Түркістан облысы Сайрам ауданында дүниеге келген. №8 Мәртөбе орта мектебінің 9 сыныбын бітірген соң, Шымкент қаласындағы «Мерей» колледжіне оқуға түседі. 2005 жылы жоғары білім алу мақсатында «Шымкент» университетіне оқуға түсіп, оқу орнын кәсіптік білім беру мамандығы бойынша тамамдайды. 2005 жылы Ынтымақ ауылындағы Мақсат Әзімбеков есімді азаматқа тұрмысқа шығып, отбасын құрады. 2009 жылы ауылдағы Ынтымақ негізгі мектебінде технология пәнінің мұғалімі болып, еңбек жолын бастайды. 2016 жылдан бастап Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебіне ауысып, қолөнер бөлімінде балаларды өнерге баулу ісіне араласады.
– Мен бұл өнерге бала кезден-ақ бейім болдым. Анам, әкемнің анасы, яғни апам да тоқымашылықпен, тігіншілікпен айналысқан. Бойымдағы өнер осы кісілерден дарыған. 9 сыныпты бітірген соң, осы мамандықты таңдап, оқуға түстім. Бала кезден анама қарап бой түзедім. Өте зерек болдым. Бір дүниені жасау үшін оны бір көрсем болғаны. Қолөнер бұйымдарын дайындауда суретке қарап немесе бейнероликтер көріп отырмаймын.
Біздің болмысымыз ұлттық құндылықтарға жақын. Сол себепті, қазақтың ұлттық киімдерін, бас киімдерін, бөріктерін, тіпті, қазақи мәсіні, үй сүйретпелерін қолдан тігемін. Кестелеп үй бойтұмарын, тойбастарда қолданатын кәдесый салатын киіз үй, түрлі сөмкелер дайындаймын. Қолөнер бұйымдарын жасауда шимен және ілгек бізбен жұмыс жасаймын. Көбінесе, қазақи ою нақыштар қолданылады.
Ал шәкірттеріме келер болсам, мен жүргізетін үйірмеге 36 оқушы келеді. Оның ішінде ұлдар да бар. Оларға жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі тапсырмалар беріледі. Балалардың көбісі заманауи дүниелерді жасауға жақын. Жапсырмалы, сәндік қолданбалы, тұрмысқа қажетті заттарды, әшекей бұйымдарын әзірлейміз. Сабақ барысында балаларға қоқыстан да пайдалы зат жасауға болатынын айтамын. Әр керексіз заттан әдемі бір керекті дүние шығаруға болады. Мысалы, балмұздақтың таяқшаларын, сусындардың түтікшелерін, шарлардан, жұмыртқаның қабығынан түрлі тұрмыстық қажеттіліктерді, жапсырмалы дүниелерді жасауға болады. Мұнымен балаларды үнемділікке баулимыз. Қазіргі таңда қолдан жасалған бұйымдарға адамдардың қызығушылығы артқан. Сол себепті, балаларға жасаған бұйымдарын сатуға болатынын айтып, бойларында кәсіпкерлікке деген ынтасын дамытамын.
Үйлерінде жұмыссыз қол қусырып отырған адамдарға таң қаламын. Қазір техника мен технологияның дамыған уақыты. Ғаламторды ашсаңыз, түрлі қолөнер бұйымдарын жасаудың жолдары, сабақтары және бейнероликтер көп. Соны оқы да, пайдаңа жарат. Бос қарап отыруға болмайды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген Абайдың жақсы сөзі бар ғой. Ерінбей, еңбек ету керек. Қазіргі уақыттың талабы сондай.
Тоқыған, тіккен, жалпы қолдан жасалған әр дүниемді төмен бағада болсын, сатамын. Түскен ақшаға сабаққа керекті заттарды аламын. Балаларға да ауыр болмауы керек. Олар зат жасауға материалым жоқ деп ойланбауы қажет.
Балалар қолөнер өнерін жақсы меңгеріп, осы жолда еңбек етсе – мақсатымның орындалғаны деп білемін. Олар өнерді бағалай білуі керек. Ата-бабадан келе жатқан өнердің жоғалып кетпеуі үшін ұрпақтар сабақтастығы ретінде келер ұрпақ оны үйреніп, жалғауы үшін еңбек етемін. Бұл менің өмірлік ұстанымым, – дейді Ботагөз Қайратқызы.
«Ұстаз шәкіртімен құнды» демекші, оның оқушыларының ішінде Еңлік Әбілқасым, Нұрасыл Дәулетбек, Жанмерей Ерісбек, Шұғыла Әбілқасымның өнерге деген қызығушылығы жоғары.
Шебермен әңгіме барысында ата-анадан дарыған қабілетінің арқасында талмай еңбектенетінін аңғардық. Қандай дүние жасаса да бар ынтасымен жасайтыны көрініп тұрды. Оның жасаған бұйымдары көздің жауын алады. Мәселен, қолөнер сыныбындағы жасалған шам, шардан, сүлгілерден жасалған гүлдер, кестелеп тіккен үй бойтұмары, түрлі тоқыма бұйымдары, жапсырмалы заттары үлкен еңбекті талап еткені байқалады. Яғни, өз ісінің маманы, өнерді бағалаушы жан. Иә, мұндай жандар барда төл өнеріміз төрден орын алып, келер ұрпаққа жетініне сенім мол.

Айгүл АМАНҚҰЛ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.