A place where you need to follow for what happening in world cup

Тұғыры биік тұлға тағылымы

265

Қазақ тарихында қайталана бермейтін ірі тұлға, ел ағасы Дінмұхамед Қонаев – халқының адал ұлы. Сондай-ақ, қазақтың дара тұлғасы Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Міне, биыл осы қазақ халқының ұлы перзенті Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 108 жыл толып отыр. Осы орайда, Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім» орталығында «Тұғыры биік тұлға» атты танымдық кеш өтті. Танымдық кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Айгүл Дәуітова ұйымдастырып, шараға №1 мектеп-гимназияның оқушылары қатыстырылды. Сонымен қатар, шараға «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев арнайы шақырылды.
Танымдық кеш барысында кітапханашы А.Дәуітова ұлы тұлғаның өмір жолы, қазақ еліне сіңірген еңбегі туралы мол мағлұматтар берді. Ал, оқушылар кезегімен «Сөзінен де, көзінен де мейірімділік шашып тұрады», «Мәңгілік Димекең бізбен бірге» деген өлең жолдарын мәнерлеп оқыды.
Оқушылардан соң сөз кезегі Үздік өлкетанушы Дәулетжан Жамалбекұлына берілді.
– Ұлттың рухани ұстазы, ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы туралы естеліктер таусылмайтын қазына іспетті. Кешегі кеңес заманында да біздің қазақ пір тұтқан ірі тұлғалар аз болмады. Олардың қатарына ұлт тағдырын ойлап ұрандатқан атақты Алаш көсемдерін айтуға болады. Осындай тау тұлғалардың ішінен біз үшін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орны ерекше. Мен Д.Қонаевтың біраз кітаптарын оқыдым. Мәселен, «Өтті дәурен осылай», «100 встреч с Д. А. Кунаевым» Бақтияр Әжібековтің «Естен кетпес ұлы есім» сынды кітаптарын оқыдым. Бұл еңбектерден Димекеңнің қазақ елі үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін түсінесің.
Біздің ауданда Д.Қонаев сегіз рет болған деген тарихи дерек бар. Соның екеуіне өзім куә болдым.
Балалық шағымда. Ол кісі егістік жиналарда алқапқа міндетті түрде келіп, қарапайым шаруалармен кездесіп, әңгімелесетін болған. Осындай кезде мен оның ауылға келетінін естіп, сол жерге барған болатынмын. Әлі күнге дейін оның бейнесі көз алдымда. Суреттері де сақтаулы,- деп тарихқа сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті.
Тарихи деректерге сыр шерткен соң, кітапханашы А.Дәуітова «аңыз – адамға, адам – аңызға айналады. Ол Асқар таудың алыстаған сайын асқақтай түсетіні шындық. Димекеңдей қазақ халқының ұлы перзентінің рухы өз елімен мәңгі жасайтыны күмәнсіз» деп, шараға қатысушы оқушыларға және №1 мектеп-гимназияның мұғалімі Толқын Атабековаға алғысын білдірді.
Кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Айжан Жұманова қорытындылап, оқушыларды кітап оқуға шақырды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.