A place where you need to follow for what happening in world cup

Кооператив жұмысын әртараптандыру қажет

173

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков облыс әкімінің наурыз айында №70 өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес «Мешелова» ЖК кәсіпорнында ауылдық округ әкімдері, аудандағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтердің төрағалары, шаруа қожалық жетекшілерімен кездесу өткізді.

-Ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан негізгі табыс көзі – мал мен егін шаруашылығы.
Аудан бойынша 44 мыңнан аса мүйізді ірі қара мал бар болса, соның 20 мыңнан астамы сауынды сиыр.
Ауданда бүгінгі таңда 22 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оның ішінде 14-і жұмыс істеп тұр, сегіз кооператив жаңадан құрылған.
Сүт бағытында 2019 жылы аудандағы тоғыз АӨК 4217 тонна сүт өндіріп, өндірген өнімдерін ауданда орналасқан «Бурное сүт компаниясы» ЖШС, «СМТС» ЖШС, «ТОО LS Kompan» ЖШС және ЖК «З.Мешелова» компаниясына, сонымен қатар Тараз қаласындағы ЖК «Лесняк» және «Көкжиек» ЖШС-не өткізген.
Яғни, өткен жылы аталған ауданымыздағы сүт өңдеу компаниялары мен шағын цехтарда барлығы 24 168 тонна сүт өңделген. Қалған сүт көлемі Тараз қаласындағы және Меркі ауданындағы сүт өңдейтін зауыттарға өткізген.
Біздің бүгінгі мақсатымыз – Сіздердің ой-пікірлеріңізді, мәселелеріңізді тыңдау, ашық әңгімелесу, – дей келіп, аудан басшысы сөз кезегін аудан шаруаларына берді.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов аудандағы ауыл шаруашылығы, оның ішінде сүт бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша атап өтті.
«Мешелова» ЖК кәсіпорнының төрағасы Орынбасар Мешелов кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырды.
-Осыдан 80 жыл бұрын арнайы мамандар еліміздегі бүкіл елді мекенді аралап, жан-жақты зерделеп, біздің ауданнан, Меркіден және Қордайдан ірімшік зауытын соққан. Ондағы басты себеп, осы өңірлердегі сүт құрамының құнарлылығы. Біздің табиғатымыздың, яғни шөбіміздің шүйгіндігі. Басқа жерден ірімшік зауыт соғылса, ол жерден дұрыс өнім шықпайды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында осыдан төрт жыл бұрын кәсіпорнымызды соқтық. Алғашқы жылдары аздап қиналдық. Сүт қабылдауға ақшамыз болмай қалған кездер де болды.
Алғашқы жылдары үш тоннадан сүт қабылдадық. Ал, қазір 11 тонна, науқан кезінде 23 тоннаға дейін сүт қабылдаймыз. Алда 30 тоннаға дейін қабылдасақ деген жоспарымыз бар.
Қай тірлік болмасын жылдан-жылға дамыту керек. Қазір кәсіпорнымыздан 15 түрлі тауар шығады. Оны қайда, қалай сатамыз деген проблема жоқ. Сапалы тауарға сұраныс жоғары. Мәселен, Солтүстік Қазақстаннан тауарларымызды жүйелі түрде алып кететін кәсіпкерлер бар. Олар тауардың бағасына емес, сапасына қарайды.
Енді айран шығаратын қондырғы алып, орнатып жатырмыз. Алдағы уақытта ол қондырғыны да іске қоссақ, оның өзіне он тонна сүт қабылдайтын боламыз.
Жылыжай соғу да жоспарда бар. Бүгінгі таңда тиімді әдіспен іргетасы қалануда. Яғни, кәсіпорынның жанынан сегіз жылыжай соғылады,- деп кәсіпкер жоспарларымен бөлісті.
Аудан әкімі аудандағы шаруаларды сүт өткізуде бірінші өзіміздің аудандағы кәсіпорындарды қамтуды, барлық істе патриоттық сезіммен, ауданға жанашырлық сезіммен жұмыс істесек, яғни ең бірінші кезекте ауданымызды көркейтуге үлес қоссақ деген тілегін жеткізді.
Шаруалар жеңілдетілген несие, жайылым жер, жем-шөп бағасы жайлы мәселелер көтерді. Бірқатар АӨК төрағалары өз іс-тәжірибелерімен бөлісті.
-Мемлекет асырайды деген көзқарастан арылуымыз керек. «Еңбек ер атандырады» деген. Еңбек етейік. Шұрайлы жерімізді тиімді пайдалана білейік.
Жаңашылдық керек. Асыл тұқымды мал асырайық, жаңа әдіс-тәсілдермен жұмыс істесек, жұмысымыз да өнімді болады.
Кәсіп түбі – береке. Жаңа кәсіп түрін ашайық. Тұрмыстық кәсіптер әр ауылдан ашылса, нұр үстіне нұр.
Жұмыс істеп, өмір сүру сапасын дамытайық. Жағдай жақсарған сайын, халықтың талабы күшейеді. Сол талапқа сай, бәсекеге қабілетті жұмыс істей білуіміз керек. Ашылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын өндірістік әртараптандыруымыз керек.
Ауданымыздың дамуына әр отбасының үлесі бар. Сондықтан жиірек бас қосып, ақылдасып, еңбек етейік,- деп сөзін қорытындылады аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.