A place where you need to follow for what happening in world cup

Мұражай мен мектеп байланысы – ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі

231

Мектеп оқушылары қазіргі уақытта қоғамның толыққанды мүшесі және болашақта өз ортасының жетекші тұлғасы болып қалыптасатындықтан олардың бойына патриоттық тәрбиемен қатар, мұражай арқылы пәнаралық білімнің негізін қалыптастыру – бүгінгі педагогтардың міндеті.

Өз өлкеңнің тарихын, оның ескерткіштерін тек біліп, сүйсініп жүру жеткіліксіз. Оларды сақтап, қорғап, насихаттау қажет. Өткеннен қалған зор тарихи-мәдени құндылықтарымыз жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзіне айналуы тиіс. Ал тәрбие құралы ретінде мұражай жұмыстарын да қолдануға болады. Мұражай тарихқа деген қызығушылықты туғызып, бұрынғының естелігін сақтауға ұмтылдырады. Ал тарих туған жерден басталады, сондықтан әр тұрғын өзі тұрған елді мекеннің жер-су атаулары мен тарихын білгені жөн.
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары аудандық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия жасап, ондағы тарихи жәдігерлермен танысты. Экскурсияның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен оның шеңберіндегі туған өлкенің тарихымен сабақтас «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың маңызы туған өлкеміздегі киелі жерлер тізіміне енген өңірлік деңгейдегі нысандарды насихаттау болды. Бұл жөнінде Елбасы Н.Назарбаев: «Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, насихаттау – абыройлы міндеттердің бірі» деп атап көрсеткен болатын.
Мектеп оқушылары бірінші кезекте аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Археология» залында болып, ондағы сөрелерге қойылған палеолит тас дәуіріндегі адамзат баласының алғашқы қоғамындағы тас құралдар мен онан соң қола дәуірдегі (б.з.б ІІІ-І мыңжылдықтарға тән) ежелгі жәдіргерлермен танысты. Одан соң оқушылар ерте темір дәуіріндегі, түркілер дәуіріндегі, Ұлы Жібек жолы кезеңдеріндегі жәдігерлерді тамашалады. Осы тақырыптармен сабақтас біздің Жуалы өлкесіндегі ортағасырлық Баркуаб, Жылқышытөбе, Шақпақ қалашығы, Адыраспантөбе, Кәріқорған және Күреңбел аймағынан табылған тарихи жәдігерлер туралы музейдің ғылыми қызметкері, ҚР үздік өлкетанушысы Дәулетжан Байдалиев өте қызықты әңгімелер айтты. Сонымен қатар, Жуалы ауданының тарихи-географиялық жағдайы, тектоникалық ерекшеліктері, тарихи-мәдени ескерткіштері туралы көптеген тарихи-танымдық деректер келтірілді.
Одан соң оқушылар мұражайдың екінші қабатындағы «Рухани жаңғыру» залындағы Жуалы өлкесінің табиғат дүниесімен, қазба байлықтарымен танысып, Жамбыл өлкесінің қасиетті жерлер тізіміне енген Батырбек датқа кесенесі, Шақпақ қалашығы мен Шақпақ әулие үңгірі, Момышбұлағы, Берікқара шатқалы туралы түсірілген бейнероликті қызыға тамашалады.
Музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Жамалбекұлы әрбір экспонатқа жеке-жеке тоқталып, оларға ғылыми сипаттама берді. Мұражайда барлығы үш мыңға тарта жәдігер жинақталған. Өткен жылдың көлемінде музей жәдігерлерін екі жарым мыңнан астам адам келіп тамашалаған екен.
Экскурсия соңында музей қызметкері Д.Байдалиев әңгімесін Міржақып Дулатовтың: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деген сөзімен аяқтай келе, «Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың бойындағы Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімін қалыптастырады, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған рухани құндылықтарымызды қастерлеу қажет» деді.
Экскурсиядан соң мектеп оқушылары естелік суретке түсіп, топ жетекшісі мұражайдың тілек кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Рамазан ПЕШЕНОВ,
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің
ұйымдастырушы-педагогы

Жуалы ауданы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.