Университеттің ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар қатары күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда Республика көлемінде ғана емес, халықаралық және әлемдік деңгейдегі зерттеу-орталықтарымен келісім-шарт жасалуда. Бұның барлығы университеттің имиджін арттыруда үлкен мүмкіндік сыйлайды.
Ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаевтың бастамасымен Дулати университеті «SANA халықаралық ғылыми-зерттеу» орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жиынға профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдар қатысты. Ендігі уақытта Дулатилық ғалымдардың жобалары «SANA халықаралық ғылыми-зерттеу» орталығының конкурстары мен қаржыландыруларына ие бола алады. Бұл туралы «SANA халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС –нің директоры Бауыржан Сержанов атап өтті.
– Бүгінгі жиында университет басшылығымен болашақта атқарылатын бірнеше мақсаттар туралы келіссөз жүргізілді. Жалпы Дулати университеті бірегей және беделді оқу орны. Атқарылып жатқан ғылыми жұмыстар мен қызмет барысымен таныстық. Біз өз тарапымыздан жоғары баға бергіміз келеді. Дулатилық ғалымдардың тың жаңалықтары тек өңірдің көлемінде ғана қалмай, әлемдік деңгейде жарыққа шығуы тиіс, — деді Бауыржан Ерланұлы.
«SANA халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» — мемлекет басшысының қойған стратегиялық басым мақсаттарын жүзеге асырып жатқан ғылыми зерттеу ұйымы. Бүгінгі таңда әлемдік 14 жоғарғы ассоциацияларының мүшесі атанған. Соның ішінде БҰҰ, ЮНЕСКО бағыттары бойынша жұмыстар атқарып келеді.