A place where you need to follow for what happening in world cup

«Құрылыс жүргізуде тек бюджет қаражатына сенім артуға болмайды» – Б. Сапарбаев

209

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа нысандар салуда олардың тиімділігі мен қарапайым  тұрғындарға пайдасын ескеру керектігіне айрықша назар аудартты. Бұл туралы ол Тараз қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтты.

Аймақ басшысының айтуынша, Тараздағы барлық бастамалар мен игі жобалар жалғасын табады. Алайда, құрылыс жүргізуде тек бюджет қаражатына сенім артуға болмайтынын, бұл тұрғыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, бизнес-құрылымдарды белсенді тарту мүмкіндіктерін барынша іздестіру қажеттігі көтерілді.

Қала басшысы Айтқазы Қарабалаев 34 мың тұрғынға арналған шаһардың жаңа  15-ші шағын ауданында жүзеге асатын жобалар туралы егжей-тегжейлі баяндады. Онда 8 мәдени-спорттық нысан,  сондай-ақ, 17 гектарда саябақ құрылысы жүргізілмек.

Жиында Таразға салтанат залы, неке қию залы, жеңіл атлетикалық және гимнастикалық манеждер сияқты нысандардың қажеттілігі айтылды. Алайда олардың құны, тиімді пайдалану мен құрылыстарының сыртқы келбетіне қатысты ойланатын мәселелер жоқ емес.

— Егер кейін пайдаланусыз, бос тұратын болса, жаңа нысандарға миллиардтаған теңге салып не ұтамыз?  Ал, Тараздың кейбір көшелерінде жарық жоқ, бірқатар жолдар мен тротуарлар жөндеуді қажет етеді. Осыған да көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты, — деді Б. Сапарбаев.

Аймақ басшысы қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа шаһардағы жарықтандырусыз және жөндеуді қажет ететін көшелердің тізімін жасақтап,  ол үшін уақыт созбай жобалық сметалық құжаттамаларды дайындай беруді тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімінің айтуынша, жаңа шағын аудандардың құрылысы кезінде тұрғын үй кезегіне талдау жүргізу қажет. Кезекте тұрғандардың сұранысы  1 бөлмелі немесе екі, үш бөлмелі пәтер болатын болса,  оны ескерген жөн. Құрылыс жұмыстарын жүргізуде жергілікті өнімдерді барынша пайдалану және тұрғын үй құнының төмендету міндеттері негізге алынбақ.

Бердібек Сапарбаев Оқушылар сарайын салу, саябақтар мен скверлерді реттеу, жаяу жүргіншілер алаңдары мен велосипед жолдарын салу, Мамыр саябағын қайта жаңғырту идеяларын қолдады. Аудан орталықтарын абаттандыруға көңіл бөлді.

Жиынды қорытындылай келе облыс әкімі  осыған ұқсас нысандары  бар өңірлердің тәжірибесін зерделеуге, жоба құны мен сапаға айрықша мән беруге, жаңа жобаларды әзірлеуде жергілікті ерекшеліктерді ескеруге шақырды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.