A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбыл облысында 385,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген

468

Жыл басынан бері Жамбыл облысында 385,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген

Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының экономикалық өсімі 106,3 пайызды құрады. Бұл туралы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңесте айтылды.

Басқасудың күн тәртібіндегі мәселеден бұрын облыс әкімі күзгі тазалық айлығының өту барысы, қоқыстардың шығарылуына қатысты кемшіліктерді слайд арқылы көрсетіп, жауаптылардың жұмысын сынға алды.

— Тазалық – бәрінен маңызды. Айналамызды, қоршаған ортаны таза ұстауға баршамыз атсалысуға тиіспіз. Әрбір тұрғын жауапкершілікті сезінуге тиіс,-деді Нұржан Нұржігітов.

Бұдан соң экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы және тоғыз ай бойыншаболжамды көрсеткіштерге тоқталды.

— Есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 111,4 пайыздеңгейінде қалыптасты. Ауыл шаруашылығында 245,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 1,7 пайызға айналды.

Сондай-ақ, 236,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға төмендеген. 102,7 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 12,8 пайызға артқан десек, бұл тұрғыда 385,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көлемі 3,4 пайызға өскен,-деді басқарма басшысы.

Ал, қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиевтің айтуынша, осы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдайға сәйкес облыс бюджетінің  кірістері 364,4 миллиард теңгеге немесе 103,3 пайызға орындалған. Сонымен қатар, облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 98,5%-ға игерілген.

Аймақ басшысы тиісті индикаторға қол жеткізе алмаған аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан жеке-жеке жауаптар алып, жұмыстарын сынады.

Облыс әкімі инвестиция тарту ісіне немқұрайлы қарауға болмайтынын, ол үшін қолда бар әлеуетті барынша пайдалану, үйлестіру шараларын күшейту керектігін атап өтті. Барлық жоспарлы көрсеткіштер тоғыз айдың қорытындысымен 100 пайыз орындалу қажеттігін ескерткен Нұржан Нұржігітов жиын қорытындысымен жауаптыларға нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.