Жедел-іздестіру шаралары барысында іздеуде жүрген 44 жастағы тараздық қылмыскер Алматыда ұсталды. Оған Алматы қаласы, Түрксіб аудандық №2 сотының шешімімен ҚР ҚК-нің 191 бабы 1 бөлігі бойынша 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Уақыт өте Жамбыл облыстық сотының қаулысымен жазаның бас бостандығынан айыру түріндегі өтелмеген бөлігі яғни, 10 ай 17 күн мерзімі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылады.
Осылайша, Н есімді сотталған азамат Тараз қалалық №3 пробация бөлімінің есебіне алынды. Пробация қызметкерлері есепке қойылған сәттен бастап оған жазаны өтеу жағдайымен таныстырып, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Алайда, ол өзі үшін тиісті қорытынды шығармай, пробациялық бақылаудан жасырынған. Қазіргі таңда ұсталған ер адам тергеу изоляторына қамаққа алынды.