A place where you need to follow for what happening in world cup

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тамара Қосыбаева қайтыс болды

297

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Тамара Қосыбаева 95 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

ХабарламадаТамара Өкіметқызының өмірі жарқын әрі шығармашылыққа толы болғаны жайлы айтылған.

“1947 жылы жас Тамара КСРО Халық әртісі Григорий Рошаль басқарған киноактерлік мектептің түлегі атанады. Кейін аты аңызға айналған Наталья Ильинична Сац басқарған ТЮЗ-де қызмет етті. Содан кейін қайтадан Ташкент театр институтына оқуға түсіп, оқуды аяқтаған соң Қазақ академиялық драма театры мен Қарағанды облыстық драма театрында ойнады. Әрине сүйікті кинематографта назардан тыс қалмады, актриса тек Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейде де рөлдерді сомдады…” – делінген хабарламада.

Әртіс Баян Сұлудың образын керемет сомдап шыққан, сондықтан көпшілік оны «қазақтың нағыз сұлуы» деп атап кеткен. Кейін көрермендер актрисаны Абдулла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» фильміндегі бас кейіпкердің анасы – дана әйел Әспетпен теңестіре бастады. Одан соң көптеген егде адамдардың рөлдерін сомдай келе Тамара Өкіметқызы мейірім мен махаббатқа толы «халық әжесіне» айналды.

«Кино – менің өмірім, ал актерлік – мамандық емес, шипасы жоқ дерт іспеттес. Сіз ол әлемге толықтай енесіз. Мен қазіргі уақытта романтизмге, шытырман оқиғаларға және әрдайым керемет көңіл-күйге толы сахнаны, рөлдерді, гастрольдерді сағындым», – дейтін актриса.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы және Қазақстан киногерлері одағы «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаевқа және Тамара Қосыбаеваның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.