A place where you need to follow for what happening in world cup

37 миллиардтан астам қаржы бюджетке қайтарылды

26 675

Мемлекет басшысы ҰҚК Төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады деп хабарлады turkystan.kz. Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық қауіпсіздік органдарында жүргізіліп жатқан жүйелі трансформациялар мен жұмыстың негізгі нәтижелері туралы баяндалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҰҚК құрылымы оңтайландырылып, бөлімшелердің қызметі мен міндеттері нақтыланды. Жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қамтамасыз ету, сондай-ақ дағдарысқа қарсы басқару жүйесіне жаңа тәсілдер енгізілді.

Ермек Сағымбаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығының жұмысы қайта құрылып, лаңкестік қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіруші рөлі күшейтілді. Жыл басынан бері ТҚО мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын тарта отырып, 400-ден астам оқу-жаттығу өткізген.

Президентке берілген мәліметтерге сәйкес алдын алу шараларының арқасында мемлекетке 900 миллиард теңге көлемінде залал келтіруі мүмкін оқиғаға тосқауыл қойылды. 37 миллиардтан астам қаржы бюджетке қайтарылды. ҰҚК материалдарының негізінде 791 қылмыстық іс, соның ішінде 49-ы жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша қозғалды.

Мемлекеттік шекараны қорғауды ұйымдастыру күшейтіліп, жаңа технологиялар қарқынды түрде енгізіліп келеді. Шекара арнаулы күштері құрылды. Биыл қару-жарақ пен оқ-дәрілерді тасымалдаудың 203 әрекетінің жолы кесілді. 9 мыңнан астам шекара тәртібін бұзғандар ұсталды. Сомасы 3,5 миллиард теңгеден астам валютаның, құны 10 миллиард теңге болатын тауарлардың заңсыз тасымалдануына жол берілген жоқ.

Елдің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі жетілдіріліп жатыр. Жыл басынан бері ҰҚК техникалық қызметтері инфрақұрылым объектілеріне жасалған 295 миллион кибершабуыл мен 2 мың DDoS-шабуылдың жолын кесті.

Құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қару іздеу, қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтардың және есірткі контрабандасы арналарының жолын кесу бойынша іс-шаралар жүргізіліп келеді.

900 келіден астам есірткі және 11 тонна прекурсорлар алынып, 16 есірткі зертханасы, 24 халықаралық және 45 өңірлік есірткі арнасы жойылды. Заңсыз айналымдағы 773 бірлік қару мен 20 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы ҰҚК органдары қызметінің бағыттары бойынша өзекті сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.