A place where you need to follow for what happening in world cup

Ауыл тұрғындары сапалы интернеттің игілігін көруде

81

Қазақстанда 2021 жылы интернет қолданушылары арасында 6 жастан асқандар үлесі 90,9%-ға тең болды. Бұл өткен 2019-2020 жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары (сәйкесінше 81,9% және 85,9%). Сонымен қатар Global Digital 2022 цифрлық сала бойынша жыл сайынғы есебіне сәйкес 2022 жылдың басында интернет-аудиториясының саны 4,95 миллиард қолданушыға жеткен. Яғни бүгінгі таңда әлем халқының 62,5%-ы интернетті қолданады. stan.kz

Оның ішінде еліміз мобильді интернет жылдамдығы бойынша рейтингте өсім динамикасы бар екенін көрсетті. Speedtest Global Index мәліметіне сәйкес 2022 жылдың маусымында Қазақстан рейтингте 6 сатыға көтерілді, ал бір жыл ішінде интернет жылдамдығы 21,5%-ға өскен.

Бұған «250+» бағдарламасы айтарлықтай үлес қосты. Жоба мемлекет пен мобильді операторлардың тиімді синергиясы іспеттес. Салықтық жеңілдіктер беру арқылы алыстағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету және байланыс сапасын арттыру бағдарламасын іске қосу негізінде операторлар шағын және шалғай ауылдарға (250 адамнан көп ауылдар) ғаламдық желінің мүмкіндіктерін сыйлады. Бағдарлама халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алды. Мәселен, GSMA Intelligence «250+» жобасын озық жоба деп атады.

«Мен технология және телеком саласын дамыту бойынша әлемдік бағдарламалар мен жаңалықтарды сараптаймын. «250+» – таңғаларлық жоба. Оның нәтижесін қазірден-ақ көре алғамыз: әлеуметтік желіде ауылдық жердегі тиктокерлер мен блогерлер саны өскен. Шалғай аймақтан шыққан таланттардың танымалдылығы артып, өз видео және фото контенттері арқылы бәсекеге түсіп отыр», – дейді ІТ саласы бойынша маманданған қазақстандық танымал тиктокер Әлішер Бейсебай.

«250+» бағдарламасы арқылы желіге қосылған ауыл тұрғындарында әлеуметтік желі мен видео-стримингтер трафиктің негізгі бөлігін құрайды. Tele2/Altel операторы 2022 жылы 250+ ауылдарда өз желісі бойынша трафик тұтыну ерекшелігіне зерттеу жүргізіп, ерекше инфографика ұсынды.

Теле2

Оператор сарапшыларының мәліметіне сәйкес, Алматы және Жетісу облыстарындағы ауылдарда трафик көп тұтынылады. Мұнда 250+ трафигінің 30%-дан астамы пайдаланылған. Екінші және үшінші орында Ақтөбе мен Қарағанды облыстары тұр.

Сервистер арасында әлеуметтік желілер, видео-стриминг платформалары мен мессенджерлер көш бастады. 250+ ауылдарындағы Tele2/Altel операторы желісінде барлық трафиктің 37%-ын Youtube, Instagram, TikTok, VK, Facebook алған. Жыл басынан бері ауыл тұрғындары аталған сервистерге 136 000 сағат жұмсаған (жылмен есептегенде16 жыл). Бұл әлемдік тенденцияларға сәйкес келеді. Global Digital 2022 мәліметі бойынша барлық онлайн уақыттың басым үлесі дәл осы платформаларға тиесілі. Тұтынушылар тәулігіне 2 сағат 27 минутын арнайды. Бұл көрсеткіш соңғы жылы 2 минутқа көбейген (+1,7%). Ал App Annie дерегі бойынша, YouTube тұтынушысы бір айда бір тәулігіне жуығын осында өткізеді (23,7 сағат).

Дереккөз: hootsuite.com

«Қазір әлеуметтік желілер тек көңіл көтеріп, сөйлесетін орта емес, шабыт сыйлап, дүниетанымды кеңейтуге көмектеседі. YouTube пен TikTok-та танымдық видеолар жетерлік», – деп қосты Әлішер Бейсебаев.

250+ бағдарламасындағы ауылдар әлемдік тенденция, соның ішінде мессенджерлерді пайдалануда (Whatsapp, Viber, Telegram) қалыспай келеді. 2022 жылдың басынан бері Tele2/Altel желісінде бұл мессенджерлерде өткізген жалпы уақыт 71 000 сағатқа тең (немесе 8 жыл). Қызықты дерек: трафиктегі негізгі үлес Шығыс Қазақстан облысында 250+ бағдарламасына қосылған ауылдарда тұратын WhatsApp қолданушыларына тиесілі. Ал Youtube платформасын қолдану бойынша Ақмола облысындағы ауыл тұрғындары көш бастап тұр.

Дереккөз: hootsuite.com

Сондай-ақ Tele2/Altel желісіндегі 250+ ауылдарында тұрғындар ресми білім беру сервистерінде бірнеше мың сағатын өткізеді. Мобильді интернетті қолданудағы бұл саланың маңызын ескере отырып, оператор 1,5 жыл бұрын ауылдарға арналған «Туған жер» тарифін енгізген.

«Ауылдарда ғаламторды дамыту маңызын түсініп, біз байланыс сапасын жақсартатын жаңа инфрақұрылымдық нысандарға ғана емес, жаңа әлеуметтік өнімдерге де айтарлықтай қаражат бөлеміз. «Өмір сапасын жақсартуға арналған интернет» идеясы «Туған жер» тарифінің негізіне айналды», – деп атап өтті Tele2/Altel операторының бас директоры Сергей Коньков.

Тарифті жасау кезінде компания сарапшылары сұранысқа ие ресурстардың қолжетімділігін ескерген. Атап айтсақ, eGov электронды үкімет сайты, білім беру порталдары, қазақстандық БАҚ, сонымен қатар 250+ ауылдарында қашықтан оқу және жұмыс істеуді дамытуға арналған бағдарламалар есепке алынды.

250+ ауылдарындағы трафик өсімі бойынша жақында Tele2/Altel операторы 20 миллион гигабайт көрсеткішінен асты. Осылайша жыл сайынғы өсім 98%-ға немесе екі есеге тең болған.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.