Нұр-Сұлтанда полициядан қашқан жүргізуші қамауға алынды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот шешімі бойынша құқықбұзушы мас күйде көлік жүргізгені үшін 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды. Сонымен қатар, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау дерегі бойынша сот жүргізуші мен оның жолаушысын тағы 3 тәулікке қамауға алу туралы шешім қабылдады. Олар әкімшілік қамауға алынған адамдарды арнайы қабылдап-тарату орнына қамалған», — делінген хабарламада.
Полицейлер Toyota Camry көлігін қуған сәтте түсірілген видеоны жариялады.
Айта кетейік, «102» арнасына дүкен иелерінен тауар алып, төлем жасамай көлікпен қашып кеткен ер адамдар туралы екі хабарлама келіп түскен. Ұстау барысында Toyota Camry көлігінің жүргізушісі құқық қорғау органы қызметкерлерінен жасырынуға тырысып, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған. Көп ұзамай 30 жастағы жүргізуші мен оның жолаушысы ұсталды.