A place where you need to follow for what happening in world cup

Жетісу облысында 15 жастағы жасөспірімді өлтірген күдіктіге қатысты тың дерек белгілі болды

70

Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылында 15 жастағы қызды алдымен зорлап, кейін өлтіріп, денесін өртеп жіберген күдікті Рустам Ахметовтің бұған дейін де екі қылмыс жасағаны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі https Аzattyq-ruhy.kz порталына сілтеме жасап. 

Алматы облыстық сотының төрағасы Еліс Әбдіқадыровтың дерегінше, Рустам Ахметов 2013 жылы Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 2-бөлігі, «а» тармағы және 175-бабы, 2-бөлігінің «а» тармағы бойынша сотталған. Яғни 2014 жылға дейінгі Қылмыстық кодекс бойынша ол қызды бір топ адаммен, алдын ала сөз байласу арқылы зорлаған және бір топ адаммен ұрлық жасаған. Осы қылмыстары үшін небәрі 5 жылға сотталыпты.

Алайда сот төрағасы ер адамды осы қылмысы үшін соттаған судьяның аты-жөнін, қай сотта қызмет атқаратынын айтпаған.

Бұдан кейін топпен адам зорлап және топпен ұрлық жасаған Рустам Ахметов 2015 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққысы келіп өтініш жазған. Талдықорған қалалық соты оның өтінішін қанағаттандырады.

«Рустам Ахметов ҚР ҚК-нің 72-ші бабы бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы талап-тілегімен сотқа жүгінген. Алматы облысы Талдықорған қалалық сотының қаулысы негізінде Сот сотталғанның талап-тілегін, жеке ісін және басқа құжаттарын зерттеп, қорғаушының баяндамасын, мемлекеттік айыптаушы прокурордың сотталғанның талап-тілегі жартылай қанағаттандыруға жататыны туралы қортындысын тыңдап, жәбірленуші Р. Ахметовтің шартты түрде мерзімінен бұрын босауға қарсылығы жоқ екенін ескерді. Осының негізінде және ҚР КПК-нің 480-бабын, ҚР ҚАК-нің 162-бабын басшылыққа ала отырып Сот Рустам Ахметовті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сотталғанның талап-тілегін жартылай қанағаттандыра отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігін 2 жыл 4 ай 10 күнге бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырып, ҚР ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотталушыға пробациялық бақылауды белгілеу бойынша қаулы шығарды. Қаулыға шағым немесе наразылық келтірілмеген», – деп жауап берді Әбдіқадыров.

Яғни, адам зорлаған Ахметов түрмеде небәрі 2 жыл алты ай отырады да, шартты түрде бостандыққа шығады. Еркіндікке шыға сала, 2017 жылы ол 16 жасқа толмаған тағы бір қызбен жыныстық қатынасқа түседі. Оның ісін Алматы облысы Панфилов аудандық соты қарайды. Моральдық шығын өтеп, жәбір көрген тараппен татуласқаны үшін Панфилов ауданының соты оны алдыңғы қылмыстарын ескерместен, соттамайды.

«2007 жылы Ахметов Рустамға Қазақстан Республикасының ҚК-нің 122-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп айып тағылып, сотта ісі қаралған. Алматы облысы Панфилов аудандық сотының қаулысы негізінде қылмыстық іс сотталушының жәбірленушімен татуласуына және жәбірленушіге келтірген моральдық зиянның есесін толтыруына байланысты сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатумен осы Кодекстің 67-бабының 1-бөлігінің негізінде қысқартылған. Қаулыға шағым немесе наразылық келтірілмеген», – деп жауап берді Алматы облысы сотының баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.