A place where you need to follow for what happening in world cup

«AMANAT» партиясы азаматтардың мүддесін қорғау жұмысын күшейтеді

113

Бүгін «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партия активімен жиын өткізді. Жиынды ашқан ол бүгінде бүкіл еліміз бойынша аманаттықтар азаматтардың мүддесін қорғауға қатысты жұмысқа баса назар аударуы керек екенін атап өтті, — деп хабарлады turkystan.kz 

– Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы қоғамды толғандырып отырған бірқатар нақты әлеуметтік-экономикалық проблеманы атап өтті. Олардың ішінде: бағаның өсуі, жекелеген тауар түрлерін жеткізудегі іркілістер, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, халықтың нақты табысының төмендеуі сияқты мәселелер бар. Партия бұл жұмысқа белсенді араласуы керек. Жергілікті жерлердегі ахуалдың тиімді мониторингін қамтамасыз ету маңызды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы ерекше назарда болуы тиіс. Жүйелі проблемаларды жедел анықтап, олар бойынша өз шешімдерін ұсыну қажет, – деді Е.Қошанов.

Партия Төрағасы бұл үшін аманаттықтардың барлық қажетті ресурстары бар екенін атап өтті: кең филиалдық желі, азаматтар көмек пен қолдау үшін келетін қоғамдық қабылдау бөлмелері, сарапшылар мен белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарды біріктіретін қоғамдық кеңестер.

– Осы қолда бар ресурстардың барлығын қазір алыпсатарлықтың кез келген түрлерімен күресуге бағыттау керек. Партия мүшелері аса маңызды өнімдер бағасын негізсіз көтеруге жол бермей және адал кәсіпкерлердің мүддесін қорғай отырып, тауарды жеткізушілерден дүкен сөрелеріне дейінгі барлық жеткізу тізбегін қадағалап отыруы тиіс, – деп атап өтті Е.Қошанов.      

Кеңес барысында партия Төрағасына «AMANAT» партиясы жүзеге асырып  жатқан әлеуметтік маңызды жобалар туралы баяндалды.

«Жер аманаты» жобасы аясында азаматтар үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның басты мақсаты – пайдаланылмай жатқан, оның ішінде заңсыз жекеменшікке өткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды ауыл тұрғындарына ұсыну. Партия мүшелерінің арқасында 267 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жұмыс еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында Үкіметпен бірлесіп ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауылдық округ әкімдерін өндірістік дағдыларға үйрету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, жақын арада арнайы марафон барысында аманаттықтар 179 аудандағы 394  елді мекенге баруды жоспарлап отыр. Бұл 250 мыңнан астам қазақстандықты «Ауыл аманаты»  жобасы туралы хабардар етуге мүмкіндік береді. Қазір жоба бойынша 2,3 мыңнан астам ауылдық округ әкімдері оқытылды.

Ірі бастауыш партия ұйымдарының базасында 1 тамызда еліміз бойынша  286 қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Оған 1 200-ден астам өтініш түсті. Тұрғындар көтерген мәселені шешу үшін жүйелі жұмыс атқарылды.  Атап айтқанда, қазақстандықтардың өтінішін қарау нәтижелері бойынша Батыс Қазақстан облысының Ұялы ауылында электр желілері үшін жаңа бағаналар орнатылды, Батыс Қазақстан облысының Жұлдыз ауылындағы мектепті салған құрылысшыларға жалақы бойынша қарыздар төленді.  Тараз қаласындағы құрылысшылардың да осыған ұқсас мәселесі шешілді. Тек партия мүшелерінің араласуынан кейін ғана Ақмола облысының Красный яр ауылындағы жолдарды жөндеуге қаражат бөлінді.

Партия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне баға мониторингі бойынша 216 топ құрды. Бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде бүкіл еліміз бойынша 1045 сауда нысандарында 700-ден астам рейд жүргізілді. Анықталған фактілердің ішінде ең негізгісі – белгілі бір тауарлардың жетіспеушілігі, бағасының көрсетілмеуі, белгіленген шекті бағадан асып кету. Әрбір анықталған проблема бойынша жағдайды түзету үшін жедел шаралар қабылданады.

Кеңес қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарына жұмысты күшейту бойынша бірқатар нақты міндет қойды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.