Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев кеше кеңейтілген алқа мәжілісін өткізіп, алда тұрған бірқатар межелі міндеттерді айқындады.
— Өткен жылғы облыстың көрсеткіші жаман болған жоқ. Алайда ағымдағы жылдың бірінші айында өндірістік әлеуетіміз төмендеп кетті. Сондықтан алғашқы тоқсанда өндіріс, өнеркәсіп және инвестиция бағытына күш салуымыз қажет. Жалпы өңірдің ішкі өнімін көбейту керек.
Екіншіден Тараз бен Меркі қант зауыттарын бақылауға алу қажет. Аталған екі кәсіпорынның күшімен-ақ біз елді қантпен қамтамасыз ете аламыз. Сондықтан салаға жауапты орынбасарым маған нақты ұсыныстарын жасасын.
Одан кейін «Қазфосфат» ЖШС-ның әлеуетін барынша пайдаланғанымыз жөн. Аталған серіктестік бүгінде еліміздегі ең алып өндіріс орны саналады. Сол себепті кәсіпорынмен жіті байланыс орнатқанымыз ұтымды.
Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту да өзекті. Бүгінде Жамбыл жерімен үш газ құбыры өтеді. Осының рахатын қара халық көруі қажет. Содан кейін бізге геологтармен жұмыс жүргізіп, жер қойнауын зерттенгеніміз жөн, — деді Б.Сапарбаев.