A place where you need to follow for what happening in world cup

Таразда сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер өңірлік көрме байқауына қатысты

246

Таразда сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер өңірлік көрме байқауына қатысты. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары-2022» өңірлік көрме байқауының басты мақсаты — кәсібінің нәсібін көріп отырған жас кәсіпкерлерді қолдау әрі үздіктерді анықтау.

«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында өткен шара барысында азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы мен құрылыс индустриясында өзіндік орны бар 82 тауар өндіруші өз экспозицияларын ұсынды. Өңірде сегізінші рет ұйымдастырылған байқауда облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелерінде жұмыс орындарын ашып, жазалы жандардың екі қолға бір күрек табуына себепші боп отырған жеке кәсіпкерлер де өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

— Көрмеге түзеу мекемелерінде өндіріс орындарын ашқан жеке кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылды. Бұл өнімдердің барлығы дерлік сотталған азаматтардың өз қолымен жасалған дүниелер. Атап айтқанда, домбыра, астау т.б. Жұртшылық әсіресе, қыз-келіншектердің әшекей бұйымдарын салуға арналған қобдишаларға қызығушылық танытты. Жалпы, жабық мекемелерде жұмыс істейтін кәсіпкерлер бұл шараға қатысуға өңірлік ҚАЖ департаментімен облыстық және қалалық әкімдік сондай-ақ облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасындағы меморандумға сәйкес мүмкіндік алып отыр. Жазасын өтеушілерді ақылы жұмыспен қамту мәселесі күнтәртібінен түскен емес, — дейді облыстық ҚАЖ департаменті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы әділет подполковнигі Аймен Тайтелиева.

Айта кетейік, көрмеге тәуелсіз сарапшы-аудиторлар, бизнес-қауымдастық сондай-ақ салалық қоғамдық бірлестік өкілдерінен құралған сараптамалық комиссия төрелік етіп, үш номинация бойынша үздіктерді анықтады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.