A place where you need to follow for what happening in world cup

Арыз-шағымдар талаптарға сай болуы қажет

121

2020 жылдың 19 маусымында Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды (бұдан әрі –Кодекс).

Бұл Кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді.

Осы Кодекстің шеңберінде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 19.05.2021 жылғы №70 бұйрығымен «Мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келiп түсетін өтiнiштерді тіркеу, есепке алуды, сондай-ақ «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесiн жүргiзу қағидалары бекітілді.

Бұл Қағидалар мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекеттің қатысуы жүз пайызды құрайтын заңды тұлғаларға келіп түсетін жолданымдарды тіркеу, есепке алу, сондай-ақ «Электрондық жолданымдар» ақпараттық талдау жүйесін жүргізу тәртібін анықтайды.

Әрі қарай азаматтардың өтініштерін қарау осы жаңа Кодекстің тәртібімен реттелетін болады.

Жамбыл облысының мемлекеттік органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мемлекеттің қатысуы жүз пайызды құрайтын заңды тұлғаларыжаңа Кодекстің талаптары бойынша азаматтардың өтініштерін «е-Otinish» ақпараттық жүйесіне тіркеудіжәнеқарауды жүзеге асырады.

Кодексте белгіленген тәртіппен берілген өтініш міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.

Өтінішті қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

Кодекстің 63-бабының талаптары бойынша жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілген өтініште:

1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);

2) өтініш берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;

3) өтініштің мәні;

4) өтініштің берілген күні;

5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.

Кодекстің 64-бабының 6-бөлігінің талаптары бойынша өтініш осы Кодекстің 63-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне жүгіну қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды, қолайлы мерзімді белгілейді.

Егер арыз иесі өтінішті әкімшілік орган, лауазымды адам белгілеген мерзімде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келтірмесе, әкімшілік орган, лауазымды адам оны арыз иесіне қайтарады.

Сонымен қатар Кодексте тыңдау рәсімі қарастырылған.

Кодекстің 73-бабының 1-бөлігінің талаптары бойынша әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті.

Әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала шешімді алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оның жобасына қарсылық беруге немесе айтуға құқығы бар.

Алдын ала шешімге қарсылық болған жағдайда әкімшілік орган тыңдау хаттамасын жүргізеді.

Хаттаманы әкімшілік рәсімге қатысушыға таныстырады, және оны ақпараттық жүйеге енгізеді.

Әкiмшiлiк рәсiмге қатысушы және әкімшілік іске қатысатын өзге де адам танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.

Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша төрағалық етуші оларды қанағаттандыру не оларды толық немесе ішінара қабылдамау туралы шешім қабылдайды.

Қалыбек Жақыбаев,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының

Құқықтық статистика және  арнайы есепке алу жөніндегі

комитетінің Жамбыл облысы  бойынша басқармасының

бөлім аға прокуроры

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.