A place where you need to follow for what happening in world cup

Сұлулықты Абайша сүйе білуге шақырды

244

Халық мұрасы, оның ішінде қазақтың ежелден  келе жатқан сәндік қолданбалы қолөнері — көптеген өзгеше өрнектерімен ерекшеленетін рухани әлем. Ұлттық өнеріміздің түрлері бірнеше ғасырлар елегінен өтіп, бүгінгісі мейлінше жетілген көрінісі болып келеді. Қазақтың ұлы ойшылы Абайдың отыз үшінші қара сөзінде: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп айтқанына да екі ғасырға жуықтапты. Кемеңгердің сөзін басшылыққа ала отырып Шу аудандық өнер мектебінің ұстаздары «Сүйе білсең өнерді, сұлулыққа тұнып тұр» атты тәрбиелік мәні зор кеш өткізді. Әдеби кеште рухани жаңғыруға бет алған елімізде осындай іс-шаралар көптеп өтіп жатқандығын мәртебе деп білетін өнер мектебінің директор міндетін атқарушы М.Асайнов өзінің ізгі тілегін жолдады.

— Осы уақытқа дейін сәндік қолданбалы өнер бірлестігінің он күндік апталығы жоғарғы деңгейде өтті. Бірлестік құрамындағы жаңашылдыққа жаны жақын үйірме жетекшілері әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, түрлі көрнекі құралдарды пайдаланып, оқушыларды қиял жетегіне, көңіл көкжиегіне апара білді. Бүгінгі қорытынды кешімізді Абайдың 175 жылдығына орай кемеңгердің шығармашылығымен байланыстыру арқылы оқушылардың санасына сәуле  ұялатуды басты міндетіміз деп таныдық,-деді  бірлестік жетекшісі Г.Қосалиева.

Өнер мектебінің ұстаздары мен оқушылары дайындаған көрмеде қылқаламмен салынған Абай портреті таныстырылды. Бір сәт көз алдымызда  «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп халқы үшін мұңға батқан, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ойлы сөзімен елді ауызбіршілікке шақырған, «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос» деп татулықта тірлік тындыруға үндеген ұлы ақын сахна төрінде ойға шомып, көз алдымызда отырғандай елес берді. Бұдан бөлек кеште кемеңгердің «Көзімнің қарасы» әнінен бастап тағы бірнеше әндері нақышына келтіре шырқалды. Сондай-ақ, Абайды тұлғалық қырынан танытатын, болмысын сан қырынан ашуға бағытталған Сағынғали Сейітовтың «Кім?» атты Абайға арналған өлеңі де мәнері-мен оқылды.  Абайдың шығармашылығына арқау болған өзекті мәселелер жыл өткен сайын жасампаздана, жаңалана түсетін, өлмейтұғын, өшпейтұғын мәңгілік тақырыптар. Сол үшін де сәндік қолданбалы өнер  мен Абайдың көркем сөз өнерін байланыстыруда астары терең мән жатыр.

Айғаным АСҚАРБЕК

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.