A place where you need to follow for what happening in world cup

Дулати университетінде республикалық олимпиада өтті

679

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратында жоғары оқу орындары студенттерінің арасында «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ» аты ХІV республикалық пәндік олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Жалынды жастар жүрген жер қашан да жарқын сәттерге толы екені түсінікті. Өнерге, білім-ғылымға құштар білім алушылардың бәсекесін университет басшылығы атына заты сай етіп ұйымдастырғанын айту керек. Басталуы да, ашылуы да, ерекше думанға толы болды.

Олимпиаданың бірінші күнінде…

Жыл сайын ұйымдастырылатын «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ» аты республикалық пәндік олимпиадасының өткізу мәртебесі биыл Дулати университетіне кездейсоқ беріліп отырған жоқ. Білім-өнер додасының дәстүріне сай кезекті бәсекеде қай оқу орны озық шықса, эстафета сол білім ордасына беріледі екен. Ал алдыңғы жарыста Дулати жастары жеңіс тұғырынан көрінген еді. Оқу ордасы мұндай мерейге осылай ие болған.

Республикалық пәндік олимпиадасының ашылу салтанатына М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов қатысып, ерекше сәттің әсерін жастармен бірге бөлісті.

– Жастар арасында білім-өнер бәсекелерін ұйымдастырудың маңызы өте зор. Студенттердің бәсекеге қабілеттілігін шыңдайды. Ізденіп, талпынуға жетелейді. Оның үстіне ел көріп, жер көрудің пайдасы көп. Сондықтан біз осы республикалық пәндік олимпиаданы өткізуде тек, жарыс барысын оңтайлы үйлестіруді ғана мақсат тұтқан жоқпыз. Тараз – тарихымыздың темірқазығы екенін жас буын шын мәнісінде, көріп, танымы артсын деп арнайы экскурциялар жасауға жағдай жасадық. Жамбылдың тарихи жерлерімен танысып, табиғаты ерекше өңірде уақытты әрі тиімді әрі пайдалы өткізулеріңе тілектеспін, — деді Талғат Ілиясұлы.

Олимпиаданың ашылу салтанатына орай тараздық жастар әзірлеген сахналық қойылым көптің рухын көтерер керемет сәтті шыққанын айта кеткен жөн. Сахнадағы әрбір сәт, әрбір шиелініскен, ширыққан, шарықтау сәттерден университеттің «Мәдениет және өнер» кафедрасының оқытушыларының қолтаңбасы көрініп-ақ тұрды. Ән шашу да, арнайы ұйымдастырылған флешмоб та, сап түзеген студенттер шеруі де шашау шықпаған үйлесіммен жалғасып жатты.

2

Жастар олимпиадаға үлкен дайындықпен келгенін айтуда. Көкшетаудағы А.Мырзахметов атындағы университетінің студенті Аманғали Жұматаев өзі білім алатын оқу ордасының командасы былтыр үшінші орынды місе тұтқанын, биыл нәтижені қайткен күнде жоғарылатуға тырысатындықтарын айтты. «Жамбыл өңірінде ауа райы қандай болса, халқының пейілі де сондай жылы екен. Келгелі көл-көсір көңілмен қарсы алып, қонақжайлылық танытып жатыр. Табиғаты ұнады. Бізге тарихи жерлерге экскурцияға апарамыз деп уәде еткен, соны күтіп жүрмін. Ал олимпиадаға дайындығымыз жоғары деңгейде», — дейді Аманғали Жұматаев.

Өнер бәсекесінің екінші күнінде…

«Білімді ұрпақ – жарқын болашақ» аты ХІV республикалық пәндік олимпиадасы шарықтау шегіне бәсекенің екінші күнінде жетті десек, артық айтқандық емес. Сахнадағы нағыз тайталас – өнер байқауының деңгейі жоғары екенін көрсеткендей. Студенттерді жан-жақты ізденуге жетелейтін олимпиаданы бір жағынан болашақ жас режиссерлардың дебюдтық спектакльдері деуге де болатындай.

Режиссер де, актер де – өздері

Бәрі де үйлесімді, өзіндік режиссуралық шешімдерді де байқамау мүмкін емес. Командалардың бұл олимпиадаға жеңіл-желпі, жүрдім-бардым қарамағаны көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, студенттердің өнер бәсекесіне дайындап әкелген қойылымдары тақырыптары мен жанрлары сан алуандығымен көрерменді баурап алды. Бір сәтке жас актерлар сахнамен тұтатыс кеткендей болған сәттер де кездесті.

Солай болатындай да жөні бар екен. Студенттердің олимпиадаға әзірлеп әкелген қойылымдарының сценарийлерін де өздері жазған, режиссерлері де өздері екен. Кәсіби маман он ойланып, мың толғанатын дүниелерді жастар бірлесіп бірге дайындай салған. Жастық жігердің арындап тұратыны осыдан-ақ көрінсе керек-ті.

Кемшін түскен, жетпей қалған тұстар да көзге ұрып тұрды. Бұл кәсіби тұрғыда қалыптасып үлгермеген студенттер үшін кешірімді де. Қалай айтсақ та, көрермен ретінде көп ой түйдік. Соның бірі – Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» повесін сахнаға алып шыққан М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің өнерлі жастары жасаған батыл қадам. Басты рөлдегі Аянның – 1-курс студенті Бейбарыс Васиханның ойыны өте нанымды шыққаны. Әсіре бояу жоқ. Тура кітапты оқып отырған сәтте соғысқа кеткен ағасының күпәйкесін құшақтап жүретін баланы көз алдыңызға қалай елестетесіз – сахнадағы Аян да тура солай. Бір сәтте балалық көңілмен мұңая қалады, бір сәтте ағыл-тегіл ақтарылып, өз қиялынан туған ертегілерге өзі елітіп отырады.

3

Тағы бір ерекше есте қалған қойылым – Е.Букетов атындағы Қарағанды университетінің командасы сахналаған «Қай заман» қойылым. Шап-шағын, көпіртіп баяндаулар жоқ. Екі-үш актердың бірнеше эпизодтық сәттерінің өзі айтар ойды түйіп жеткізеді. Режиссерлық шешімдердің тым сәтті шыққанын осыдан көруге болады. Ерке, тентек, жалқау ұл ақыры өз өмірін тас-талқан етеді. Мұңды ән, аласұрған ұл. Келесі сәтте актерлар ортаға шығады. Осылай-ақ тәмамдай салса – бәрі тап-тұйнақтай еді. Бірақ бас кейіпкер соңғы репликасын жасады. Артық шыққаны да осы тұс.

Ал Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жастарының өнеріне айтарымыз тек – респект! Өте тамаша шыққан командалық жұмыс. Шырқалған ән де, сахнадағы қимыл да, айтар ой да бәрі-бәрі үйлесімді. Бір спектакльдің өн бойына бір емес, бірнеше жанрды қатар сыйғызып жіберген. Рас, бір ғана, сәл ғана кемшілік те болды. Оны әділ қазылар алқасының қырағы көзқарасы да қалт жібермепті. Көршілерімізге жеңіске жетуге сол сәл ғана жетпей қалған сәт кедергі келтірді.

Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің арулары сөзсіз шебер актерлығымен көпшілікті мойындатты. Жаңа көзқарастарымен, тосын шешімдерімен елең еткізген қойылым тұтас бір туындыны сәтті сахналауға көмектескенін айту керек.

Бас кубокты ректор тапсырды

Олимпиаданың нағыз шарықтау сәті жеңімпаздардың анықталатын сәті болды. Үздік шыққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің командасына бас кубокты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов тапсырды.

– Екі күндік олимпиаданың қорытынды сәті – ең бір толқулы шақ екені белгілі. Бұл бәсекенің жастарға берері көп болды. Жастардан «Тараз жеріндегі өткізген екі күннің ұнады ма, әділ қазылардың шешіміне айтар уәж бар ма?» осыны сұрағым келеді. Егер осы екі сауалға айтар жауап оң болса, біздің ұйымдастырған іс-шарамыз көздеген үдесінен шықты деген сөз, — деді Талғат Ілиясұлы.

Жарыс нәтижесі бойынша «Креативті қойылым» номинациясын иеленген қос команда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Е.Букетов атындағы Қарағанды университеті жүлделі 2-орынға жайғасты. Үздік сценарий және режиссура» аталымын еншілеген, үздік сахналық қойылымдармен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті 3-орынды иеленді.

Сондай-ақ «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студентті Анель Шәкен иеленсе, Е.Букетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Құлмұхаммет Серікғалыұлы «Ең үздік ер бейнесі» аталымын жеңіп алды.

Дүбірлі додаға қатысып бақ сынаған барша өнерлі жастардың жарқын болашағын қалыптастыруда көрсетілген қолдау үшін Талғат Ешенқұлов ЖОО-ның ректорларына және команда жетекшілеріне арнайы Алғыс хаттарын табыстады.

Үлкен өмір додасындағы кішкентай ғана сынақтан өтіп келесі кезеңге жолдама алған жас студенттердің барлығы жарқын болашақта өнер майталмандары боларына кәміл сенеміз. Өнер байқауын ұйымдастыру эстафетасы енді Алматы қаласы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне беріледі.

4

56

78

9

10

11

12

13

Дулати университетінің медиа қызметі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.