A place where you need to follow for what happening in world cup

Жастар бәсекесінің ашылуы жарқын сәттерге толы

2 179

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратында жоғары оқу орындары студенттерінің арасында «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ» аты ХІV республикалық пәндік олимпиадасының ашылу салтанаты өтті.

Жалынды жастар жүрген жер қашан да жарқын сәттерге толы екені түсінікті. Өнерге, білім-ғылымға құштар білім алушылардың бәсекесін университет басшылығы атына заты сай етіп ұйымдастырғанын айту керек. Басталуы да, ашылуы да, ерекше думанға толы болды.

Жыл сайын ұйымдастырылатын «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ» аты республикалық пәндік олимпиадасының өткізу мәртебесі биыл Дулати университетіне кездейсоқ беріліп отырған жоқ. Білім-өнер додасының дәстүріне сай кезекті бәсекеде қай оқу орны озық шықса, эстафета сол білім ордасына беріледі екен. Ал алдыңғы жарыста Дулати жастары жеңіс тұғырынан көрінген еді. Оқу ордасы мұндай мерейге осылай ие болған.

Республикалық пәндік олимпиадасының ашылу салтанатына М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов қатысып, ерекше сәттің әсерін жастармен бірге бөлісті.

– Жастар арасында білім-өнер бәсекелерін ұйымдастырудың маңызы өте зор. Студенттердің бәсекеге қабілеттілігін шыңдайды. Ізденіп, талпынуға жетелейді. Оның үстіне ел көріп, жер көрудің пайдасы көп. Сондықтан біз осы республикалық пәндік олимпиаданы өткізуде тек, жарыс барысын оңтайлы үйлестіруді ғана мақсат тұтқан жоқпыз. Тараз – тарихымыздың темірқазығы екенін жас буын шын мәнісінде, көріп, танымы артсын деп арнайы экскурциялар жасауға жағдай жасадық. Жамбылдың тарихи жерлерімен танысып, табиғаты ерекше өңірде уақытты әрі тиімді әрі пайдалы өткізулеріңе тілектеспін, — деді Талғат Ілиясұлы.

Олимпиаданың ашылу салтанатына орай тараздық жастар әзірлеген сахналық қойылым көптің рухын көтерер керемет сәтті шыққанын айта кеткен жөн. Сахнадағы әрбір сәт, әрбір шиелініскен, ширыққан, шарықтау сәттерден университеттің «Мәдениет және өнер» кафедрасының оқытушыларының қолтаңбасы көрініп-ақ тұрды. Ән шашу да, арнайы ұйымдастырылған флешмоб та, сап түзеген студенттер шеруі де шашау шықпаған үйлесіммен жалғасып жатты.

Жастар олимпиадаға үлкен дайындықпен келгенін айтуда. Көкшетаудағы Абай Мырзахметов атындағы университетінің студенті Аманғали Жұматаев өзі білім алатын оқу ордасының командасы былтыр үшінші орынды місе тұтқанын, биыл нәтижені қайткен күнде жоғарылатуға тырысатындықтарын айтты.

– Жамбыл өңірінде ауа райы қандай болса, халқының пейілі де сондай жылы екен. Келгелі көл-көсір көңілмен қарсы алып, қонақжайлылық танытып жатыр. Табиғаты ұнады. Бізге тарихи жерлерге экскурцияға апарамыз деп уәде еткен, соны күтіп жүрмін. Ал олимпиадаға дайындығымыз жоғары деңгейде, — дейді Аманғали Жұматаев.

Оңтүстік пен Солтүстіктің, Сарыарқа мен Ару қала Алматының және Орталық Қазақстанның білікті, ұтқыр жоғарғы оқу орындарының басын қосқан Жамбыл өңірі тек ең мықтыны анықтамақ.

Атап айтар болсақ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінен келген жас өнерпаздар бақ сынайды.

Екі күнге созылатын білім бәсекесінің қорытынды нәтижесі ертең белгілі болады.

Медиа-қызмет.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.