Елімізде доллар тапшылығы сезіле бастады. Ақша айырбастау пункттерінен шетелдік валюта сатып алу қиындады. Есесіне ғаламтордағы сату платформаларында долларды айырбастау туралы ұсыныстар көбейген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ақша айырбастау пункттерінің таблосын бірнеше күннен бері аңдып жүргенін айтады. «Мен бірнеше ақша айырбастау пункттеріне кіріп шықтым. Сатып алатын доллар таппай жүрмін. Бір данасын 525 теңгеге алғым келсе де, доллар жоқ. Айырбас пункттері банкте доллар болмай жатқанын айтады», — дейді Дархан Мелдешов. Ал ресейлік рубльді елдегі айырбас нүктелерінен оңай табуға болады. Сондай-ақ, Қытай юані қазір 110 теңгеге сатылуда.
Есесіне интернеттегі сату платформаларында долларын сатылымға шығарған желі қолданушылары көбейген. Скриншот: olx.kz Тегін хабарландыру сайттарында доллар сатушылар көк қағаздың бір данасын 750-800 теңгеге дейін бағалап отыр. Мысалы Алматыдан хабарландыру берген адам бір долларды 560 теңгеге сатуға дайын. Скриншот: olx.kz KAZ.NUR.KZ тілшісі олардың біріне хабарласып көрді. Хабарландыру берушінің айтуынша, қолындағы шетел валютасын доллар бағамы көтерілгенге дейін өзі жинақтаған. «Мен алып-сатумен айналыспаймын, бұл менің өзім жинаған қор. Қазір банктердің өзінде доллар жоқ», — дейді тұрғын. Желідегі онлайн сату платформаларында шетелдік валюта сату туралы ұсыныстардың скрині кеңінен таралып жатыр. Бірақ көпшілік мұндай валюталық операциялар заң бұзушылық екенін біле бермейді. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 252 бабына сәйкес Қазақстан республикасының резиденттері арасында тыйым салынған валюталық операцияларды жүзеге асыру, төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын уәкілетті банктердегі банк шоттары арқылы емес жүзеге асыруға ескерту беріледі. Осы баптың екінші тармағына сай, Ұлттық банктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген Қазақстан республикасының ішкі валюта нарығында қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату тәртібін бұзуға да ескерту жасалады делінген.