A place where you need to follow for what happening in world cup

«Адамдар, балалалар қирандылар астында»: Мариупольде балалар ауруханасы мен перзентханаға соққы жасалды

384

Куәгерлер мен жергілікті билік өкілдері Украинаның Мариуполь қаласындағы балалар ауруханасы мен перзентханаға соққы жасалғанын мәлімдеді. Ресей әскерінің шабуылы салдарынан 17 адам жарақат алған, қаза тапқандар жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

«Мариуполь. Ресей әскерінің перзентханаға жасаған тікелей соққысы. Адамдар, балалар қирандылар астында. Жауыздық! Әлем қашанға дейін террорға мән бермейтін сыбайлас болып қала береді. Жылдам әуе кеңістігін жабыңыздар. Кісі өлімін доғарыңыздар. Күштеріңіз бар, бірақ адамгершіліктен айырыла бастаған секілдісіздер», — деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский.

«Барлығы қираған. Жақында ғана балалар ем алған медицина мекемесі толығымен бұзылған. Зардап шеккен балалар жайлы ақпарат нақтыланып жатыр», — деп жазды Мариуполь қалалық кеңесі.

Донецк облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Павел Кириленко жарақат алғандарды жақын маңдағы ауруханаға эвакуацияланатынын мәлімдеді.

«Қала орталығындағы босандыру бөлімі, балалар мен терапевттік бөлім Ресей авиациясының Мариупольге жасаған соққысы салдарынан толығымен қирады», — деп жазды ол.

Кириленконың сөзінше, перзентханаға жасалған соққы салдарынан 17 адам жарақат алған. Қаза тапқандар жоқ. Зардап шеккендер қатарында жүкті әйелдер мен медицина қызметкерлері бар.

Украина әуе соққысының Ресей жариялаған «тыныштық» режимі кезінде жасалғанын мәлімдеді. Ал Украина ұлттық полиция басшысының бірінші орынбасары Вячеслав Аброськин Ресейдің артиллериялық соққы жасағанын айтты.

Жоғарғы Рада депутаты Дмитрий Гурин де перзентханаға шабуыл жасалғанын растады. Сөзінше, қаза тапқан балалар мен нәрестелер жайлы ақпарат жоқ. Қазір адамдар қирандылар астынан шығарылып жатыр екен.

Соққының немен жасалғанын анықтау қиын. Алайда аурухана аумағында түсірілген суреттен алып кратерді байқауға болады.

Украина Ресейді азаматтық нысандарға шабуыл жасады деп айыптады. Ал Ресей тек әскери нысандарға оқ атылғанын алға тартып, азаматтық инфрақұрылымдардың зардап шегуін «ұлттық батальонның арандатуы» деп атады.

Батыс елдерінің жауабы

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Мариупольдегі перзентханаға жасалған соққыны сұмдық деп бағалады. Сондай-ақ Ұлыбританияның Украинаны әуе соққыларынан қорғау үшін қосымша көмек көрсету мүмкіндігінін қарастырып жатқанын айтты.

«Әлсіз әрі қорғансыздарға жасалған соққыдан да сорақы заттар өте аз», — деп жазды ол.

Ауруханадағы шабуылдан кейін Зеленский НАТО-дан Украина әуе кеңістігін жабуды талап етті.

Британияның сыртқы істер министрі Лил Трасстың сөзінше, дәл қазір авиация шабуылынан қорғанудың ең жақсы жолы Ұлыбританияның Украинаға ұсынған әуе соққысына қарсы қаруы екен.

«Біздің мақсат – соғысты тоқтату, оны дамыту емес», — деді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен.

Украина әуе кеңістігін Ресей ұшақтары үшін жабық деп жариялау әскери тұрғыдан қамтамасыз етуді талап етеді екен. НАТО жойғыш ұшақтарының Украина аспанында болуы АҚШ, НАТО мен Ресей арасында тікелей әскери қақтығысқа әкеп соғуы мүмкін екен. Блинкеннің сөзінше, бұл жанжалды одан әрі дамытады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.