8 наурызда хакерлер Ресейдің бірнеше мемлекеттік органдарының сайтын бұзды. Кибершабуылға ұшырағандар ішінде Мәдениет министрлігі, Қаржы министрлігі, Федералды монополияға қарсы қызмет (ФАС), Росстат, федералды жазаны орындау қызметі (ФСИН), Роскомнадзор порталдары бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сайттардың негізгі бетінде әскери адамдардың бейнелері, танк, Ресей және Украина жалауларының суреттері пайда болды.
Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі ТАСС агенттігіне Департаменттің сайты сервердің жұмысын баяулатқан DDoS-шабуылдарға ұшырағанын, қазіргі уақытта ресурстың жұмысын қалпына келтіру бойынша техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
4 наурызда хакерлер Қырымның мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне шабуыл жасады деп хабарланды. Қаскүнемдер жергілікті билік органдарының мемлекеттік ақпараттық жүйелерінің жұмысын бұза алмаған. Хакерлер ботнетті (іске қосылған боттары бар хосттардың белгілі бір санынан тұратын компьютерлік желі-авт.) пайдаланды, оның IP-мекенжайлары негізінен Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Тайваньда және басқа да бірқатар елдерде орналасқан.