A place where you need to follow for what happening in world cup

Жақсылық Үшкемпіров Қордайдағы жанжалға байланысты халықты сабырға шақырды

497

Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров Қордайдағы жанжалға байланысты халықты сабырға шақырды.

«Тәуелсіздік алып, қандай мемлекет екенімізді бүкіл дүние жүзіне танытып жатырмыз. Бәріміз тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Кешеден бері Жамбыл облысындағы оқиғаны естідім. Ел болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады. Біздің бабаларымыз қаншама ғасыр бойы қиыншылықты басынан кешірді. Бабаларымыздың әр уақытта өзінің ұстамдылығымен, сабырлығымен, даналығымен, ауызбіршілікпен елді ұстап отырғанын ұмытпасақ деймін», — деді Жақсылық Үшкемпіров.

Қазақстанның Еңбек Ері өзі әрдайым ауызбіршілікпен, ынтымақты қалайтынын жеткізді.

«Мен отыз жасымда Олимпиада чемпионы болдым. Қанша жыл сабырлылықтың арқасында қиыншылықтарды бастан өткердік. Қазағымның мықтылығының арқасында мен сондай биікке көтерілдім. Сол себепті бәріміз сабырлылық сақтай отырып, осындай кикілжіңді бірге тоқтатып, жастарға үлгі болатындай сөз айтып, қазақтың ынтымақсүйгіш ел екенін көрсетуіміз керек», — деді ол.

Жақсылық Үшкемпіров жастардың өз келешегін ойлауы керектігін жеткізді.

«Өзіміз бүлдіріп жатсақ, кейінгі буынға қандай тәрбие береміз. Барлық қиыншылық жағдайда сабырмен ортақ шешімге келейік. Елім мен жұртым аман болсын. Үлкенді құрметтеп өскен халықпыз. Сондықтан ақсақалдарымызды тыңдап, бір-бірімізге тек жастарға үлгі боларлық іс көрсете білуіміз керек деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», — деді ол.

Inform.kz

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.