A place where you need to follow for what happening in world cup

«Балалары ана мейірімін аңсайды»: Қызылордада былтыр жұмыс барысында 14 қызметкер көз жұмған

545

Өткен жылы Қызылорда облысында​ еңбек қызметімен байланысты 42 жазатайым оқиға тіркелген. Жалпы жұмыс барысында орын алған апат салдарынан 61 адам зардап шексе, оның ішінде 14 адам көз жұмған. Сала мамандарының мәлімдеуінше, қайтыс болған азаматтардың басым көпшілігі қызмет бабында жол апатына түскендер болып тұр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Былтыр 29 тамызда Қызылорда қаласындағы орталық көшелерінің бірінде адам шошырлық жол апаты орын алды. Toyota Land Cruiser автокөлігі бағдаршам алдында тұрған «Жедел жәрдемге» соқты. Ішімдік ішіп, рөлге отырған жүргізуші әрекетінің салдарынан екі медицина қызметкері жан тапсырды. Олар қалалық №5 емхананың фельдшері Жадыра Омарова мен көлік жүргізушісі Бақытжан Маенов болатын. Бейбіт күнде қызмет бабында көз жұмған жандардың соңында балалары мен жақындары аңырап қалды.

«Жадыра бала кезінен дәрігер болуды армандады. Халыққа қызмет жасап, науқастарға жәрдемін бергісі келді. Ол өз жұмысын ерекше жақсы көретін, әрбір адамның жағдайына бейжай қарамайтын. Жол апаты болған күні де ол кезекті шақыртылымға асығып бара жатты. Мұндай қайғы орын алады деп ойлаған жоқпыз. Жыл соңында Жадыраға «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін маған табыстады. Өзі тірі болғанда жарқырап, тағып жүретін еді. Балаларына өте қиын, олар ана мейірімін аңсайды», – дейді Жадыраның анасы Салиха Омарова.

Қызылордалық Қуандық Жұмабаев та жұмыс орнында қаза тапқан азаматтардың бірі. Ол «Қазақстан Темір Жолы» жүк тасымалы қызметінде пойыз құрастырушысы болып еңбек еткен. 39 жастағы маман 29 қаңтар күні әдеттегідей вагондарға маневр жұмыстарын жүргізіп жүрген. Кенеттен оқыс оқиға орын алып, вагондардың буферіне қыстырылып қалған. Аталмыш жағдайға байланысты Қызылорда облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын.

«Орын алған оқыс оқиға бойынша арнайы комиссия жұмыс жасады. Нәтижесінде, бұл жағдай еңбек қызметімен байланысты деп танылды. Жұмыс беруші тарап көз жұмған азаматтың жақындарына 18 миллион теңгеден астам жәрдемақы төленді. Бұл сома Қуандық Жұмабаевтың бір жылдық және он жылдың табысы негізінде есептелген қаражат. Сондай-ақ, жұмысшының 18 жасқа толмаған балаларына да жәрдемақы тағайындалды», – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов.

Жалпы, өткен жылы Қызылорда облысында жазатайым оқиға салдарынан жұмыс орнында 14 адам көз жұмған. Оның 80 пайызы жол апатына түскендер. Олардың қатарында кезекті вахталық жұмысына бара жатқан мұнайшылар мен медицина қызметкерлері бар. Әрбір жағдайды мамандар жіті тексеріп, қорытынды шығарып отыр.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.