A place where you need to follow for what happening in world cup

Еңбек пен біліктіліктің идеологиясын көтеру – қазіргі қоғам үшін аса қажет

356

Әрбір азаматтың мемлекетшіл ұстанымы болмаса, өз елінің ертеңіне немқұрайлы қараса, ондай ой-тұжырыммен алысқа бара алмайтынымыз анық. Ол үшін билік пен бұқара арасындағы байланыс берік болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» деген ұстанымы – әр жауапты қызметтегі тұлғалардың санасында тұруы тиіс. Мемлекет басшысы Qazaqstan ұлттық арнасында берген сұхбатында Президент ретінде басқару жүйесінде осы ұстанымды нық ұстанатынын атап айтты.

Жалпы халықтың атқарушы билікке деген сенімін нығайту үшін де алдымен олардың айтарын ести білу керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Әрине, азаматтық қоғаммен, дербес сарапшылармен ауқымды диалог жүргізу керек. Өйткені, халықтың пікірі өте маңызды», — дей келе осыған байланысты Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырғанын мәлім етті.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың өте жоғары болу керетігін ескертті. Облыс әкімдерін немесе министрлердің бәрін бірдей орнынан алмайтынын, білікті мамандардың тәжірибесін пайдалану керектігіне тоқталды. «Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент  алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз, – деді Президент.

Басқару жүйесінде көп нәрсе білікті кадрларға байланысты екені түсінікті. Сондықтан, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша құрылған Президенттік жастар кадр резервіне баса мән берген жөн. Бұл әділ де сатылы өсу жүйесі екенін жастарға насихаттауымыз керек. Қоғамдағы «Тамыр-танысың болмаса, қызметке бара алмайсың» деген түсінікті жою үшін де осы жүйенің тиімділігін, шын мәнісінде талантты, білімді жастарға жол ашылғанын көрсетуіміз қажет. Қазірдің өзінде кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Бұл нақты мысал.

Жастардың бойына сіңіретін тағы бір қасиет – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еңбекқорлық. Еңбек пен біліктіліктің идеологиясын көтеру – қазіргі қоғам үшін аса қажет. Біздің жастарымыз еңбекқор, жұмысқа адалдығын көрсетсе, бұл экономикаға ғана емес, қоғамның оң өзгерісіне әсер етеді. Өскелең ұрпақ масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуы тиіс.

Кез келген еңбекті жоғары бағалануы тиіс. Еңбекқорлықтың лайықты бағасы барын жастарға көрсетіп, үлгі етуіміз керек. Сонда ғана олардың таза, адал еңбекке деген, ертеңге деген сенімі артады. Жалпы кез келген істе соңымыздан ерген жас буынның біздің ізімізді басып келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Жастар көргенін қайталайды. Сондықтан, Жаңа Қазақстанның ертеңгі иелеріне жақсы өнеге көрсетуді ойлайық.

Талғат Ешенқұлов,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.