Қазақстанның Бас прокуратурасы қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза тапқандардың аты-жөнін жариялаудан бас тартты. Ведомство мәлімдемесін «Ар. Рух. Хақ” қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина 8 ақпанда өзінің Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратураның жауабын 8 ақпанда «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында жариялады.
“15 қаңтарда Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде 225 адамның көз жұмғаны туралы ресми хабар таратты. Қаза болғандар жайлы қалған ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, қазіргі кезде жариялануға жатпайды», – деп жауап берген прокуратура.
Ресми мәліметтерге сәйкес, қаңтар айындағы оқиғалар кезінде 227 адам қаза тапты. Денсаулық сақтау министрлігі кейін ауруханада екі адамның көз жұмғанын хабарлаған. Оның ішінде 19-ы қауіпсіздік органдарының қызметкерлері.
Сондай-ақ бұған дейін құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жетекшілік ететін Qantar2022 еріктілер тобы қаза болғандардың тізімін өз беттерінше анықтап, жариялаған еді. Онда 173 адамның аты-жөні көрсетілген.
Азаттыққа берген түсініктемесінде Төреғожина қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандар санының көп екенін айтып, олар туралы ақпарат 40 күннен кейін асы өткен соң белгілі болады деп болжаған.
Сонымен қатар көптеген белсенді мен құқық қорғаушы биліктен Қаңтар құрбандарының тізімін жариялауға шақырып келеді.
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов 16 қаңтар күнгі брифинг кезінде Алматыда «149 азамат опат болды, құқық қорғау органдары арасында 11 адам қаза болды» деп мәлімдеген.
Құқық қорғаушылар құрбандар бұдан да көп болуы мүмкін деп болжайды.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды қаңтар қырғынын тәуелсіз және жан-жақты зерттеуге шақырған. Әлі күнге дейін оқиғаға қатысты кейбір негізгі сұрақтарға жауап берілген жоқ.