2022 жылдың 5 қаңтарына қараған түні Тараз қаласындағы Қазыбек би және Әйтиев көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің ғимараты жанында полицияның 11 қызметтік автокөлігі бүлініп, оның 7-еуі өртенген.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202 — бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) және 272-бабы (Жаппай тәртіпсіздік) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жедел-іздестіру іс — шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілердің бірі табылатын Жуалы ауданының бұрын сотталған 23 жастағы тұрғынын ұстады. Ол автокөліктерді зақымдауға белсенді түрде қатысып, олардың бірнешеуін бір өзі өртеп жіберген. Содан кейін ағаш таяқпен қаруланып, «Атшабар» тұрғын үй кешенінде орналасқан банк ғимаратының әйнегін сындырған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.