A place where you need to follow for what happening in world cup

Тергеуден шыққан азаматтың 9 қабырғасы мен төсі сынған

188

Қаңтардың 14-і күні Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылынан Талдықорғанның орталық базарына барған Жақсылық Советбеков полиция қолына түсіп, бір күн азапталған, деп хабарлайды «munaranews.kz» ақпарат агенттігі  Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Жөн-жосықсыз соққыға жығылдым деген ол «Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айыппен абақтыға қамалған, әлеуметтік желіде азапталған суреттері жарияланған Азамат Батырбаевпен ауруханада бірге жатқан.

«Қаңтардың 14-інде сағат 10 шамасында әйелім екеуміз азық-түлік алу үшін Талдықорғанның орталық базарына барғанбыз. Сағат он бірлерде біреу «қылмыстық іздестіру бөлімінен хабарласып тұрмын. Сіздің мәшинеңіз қаңтардың бесінде Талдықорғанда камераға түсіпті. Ішкі істер департаментіне келіп, бірер қағазға қол қойып кетсеңіз» деді. 15 миунтта жетіп бардым. Бірақ ішке кіргізбеді. Жаныма ақ «Спринтер» көлігі тоқтады да атымды атап шақырды. Жақындай бергенімде ішінен қара маскалы полицейлер түсті де, жұлып әкетті. Қолыма дереу кісен салып, басыма қап кигізді де, тепкінің астына алды», – деді Жақсылық Советбеков.

Олар Жақсылыққа «4 ПМ қайда?», «Неге митингіге адам тасисың?»,  «Артыңа дубинка тығамыз!» деп әбден қорлап, балағаттаған. Өзін не үшін тепкілеп жатқанын түсінбеген ол басын ұстап, қорғана берген.

Оны департаментке кіргізгеннен кейін бірінші қабатта саусақ таңбасын алған. Сосын басына қап кигізіп,  әлдекім «мясорубкаға апарыңдар» деп бұйырған. Сөйтіп, төртінші қабаттың оң жақтағы бірінші есігіне кіргізген. Сол жерде төрт-бес адам тағы да тепкінің астына алып, талдырып тастаған.

«Қаңтардың үші күні ұлым қаладағы туыстарымыздың үйіне қыдырып кетті. Ертеңіне қалада шу басталғанын естіп, уайымдадық та, баламды алып кетейін деп Талдықорғанға келдім. Жанармай бекеті карточкамен ақша төлеуді тоқтатып тастапты. Сосын қаланың ішіне, Тәуелсіздік көшесіне бардым. Ол жерде біздің ауылдың адамдары такси болып тұрады. Бір таныс адамнан төрт мың теңге ақша алдым. Сөйтіп тұрғанда тарс-тұрс дауыс шығып, төңірек азан-қазан айғай-шу басталып кетті. Дереу мәшинеме міндім де, «Жастар» спорт мектебінің жанынан ұлымды алып, кетіп қалдым. Талдықорғанға барарда да, қайтарда да басқа ешкімді мінгізген жоқпын», – деді зардап шеккен азамат.

Осындай уәж айтқанына қарамастан оны ешкім тергемеген. Тек «ПМ-ді қайда тықтың?», «Митингіге адам тасыдың, арандатушысың» деп тепкілей берген.

«Екінші «заходқа» кірген кезде, «Заход» деп дәлізден кабинетке кіргізіп ұрғанын айтады екен, «Қызылағаш ауылындағы агрохолдингтің 120 миллион теңге тұратын тракторын кім өртеді? Соны айт» деп тағы тепкіледі.  Трактордың маған не қатысы бар екенін де түсінген жоқпын. Белуардан жалаңаштап шешіндіріп, су шашты. Электрошокермен тісімнен ұрды, тісім қарайып кетті. Электрошокермен ұрған екі иығым тесіліп қалды. Суретте көрініп тұр», – деді ол.

Сондай-ақ жәбір көрген азамат дәлізде жатып, дүрбелең күндері фотоға, видео түспеген жастарды кейбір полицейлердің «100 мың теңге берсең айыппұлмен шығарамыз» деп бопсалап жатқанын естіген.

«Үшінші «заходқа» кіргенімде: «Жігіттер, қабырғамның бәрі сынды, дәрігерге жеткізбесеңдер өліп қаламын, біттім» дедім. Ауа жетпей, дем ала алмай жатыр едім. Өлетінімді олар да білді. Сол үшінші «заходта» бір полицей «Жазығы жоқ адамды неге сонша тепкілейсіңдер?» деп ара түскісі келді. Сонда мені ұрып жатқан полицей: «Өлсе өле берсін, алдындағыдай шығарып тастаймыз» деді. Сол сөз көкейімнен кетпейді. Әлгіндей таяқтан адам өліп кетсе таңғалмаймын. Бірақ ол кезде менде қорқыныш сезімі қалмаған еді, ішім қанға толып, қайта-қайта талып жатқан кезім. Тепкілемей тұрғанда айтса, қорқар едім», – дейді әбден зәрезап болған Жақсылық.

Сөйтіп, кіргізіп-шығарып жүргенде таныс полицейді жолықтырып қалған.

«Не боп қалды, Жақсылық?» деп ештеңені білмеген адам сияқтанды. «Жазықсыз сабап тастады, өлсем бала-шағамды кім асырайды, көмектес» дедім. Сосын ол: «Мына түрімен өз бетімен кете алмай құлап қалады, туысқанын шақырыңдар» деді. Сол кезде мені ұрған полицейлердің бірі телефонымды қалтасынан алып шығып, бажама звондап шақырды. Қаншада шыққанымды білемін, сол жерде құлаппын. Ертеңіне түстен кейін аурухана реанимациясында ояндым», – деді ол.

Сол жатқаннан ауруханада он бір күн емделген.

«Тергеуге 14 қаңтарда сағат 11-дің кезінде әкеткенін анық білемін. Кешкі жеті жарым, сегіз шамасында шығарған. Сол күні ауруханаға түсіп, 25 қаңтарда шықтым. Сол жақта – жеті, оң жақта екі қабырғам, төсім сынған. Сынған қабырғам өкпеме кірген, өкпеме қан толған. Көгерген жер көп. Кісен ізі біразға дейін жүрді. Электрошокер екі иығымды күйдіріп, тесіп тастаған. Желкемнен дубинкамен ұрып, қарайтып жіберіпті. Ауруханада он бір күн жаттым. Қаңтардың 21-і Алматы облыстық прокуратурасының қызметкері келіп, түсінік алды. Адамдарды ауруханадан әкетіп жатыр дегенді естіп әйелім бас прокуратураға звондапты. Мені де ұрлап кетпесін деп сескенген ғой», – дейді өз-өзіне енді-енді келе бастаған жігіт.

Таяуда оған прокуратура тағы хабарласып, бірнеше сұрақ қойған. Медициналық қағаздарын сараптамаға жіберген. Қылмыстық іс қозғалатынын айтып, ұрған адамдармен беттестіретінін жеткізген.

Сондай-ақ ол Азамат Батырбаевпен ауруханада танысқанын айтты.

«Азамат Батырбаев ауруханаға менен бір күн бұрын түсіпті, сол жерде таныстық. Арқасын үтікпен күйдірген ізін көрдім, сондықтан әлеуметтік желіде жүрген жантүршігерлік суреттер рас деп айта аламын. Ол суреттерде жарақатының қайта бастаған кезі. Табанына дейін көгеріп, тіпті жап- жасыл болып кеткен еді. Ол менен бір күн бұрын ауруханадан шықты. Менен «ПМ қайда?» деп сұраса, одан «Автоматты қайда тықтың?» деп сұрапты», – дейді тергеудегі тепкіден тірі шыққан Жақсылық Советбеков.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.