Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қызметінен кетіп, оның орнына жұрт күтпеген Ерболат Досаевтың тағайындалғаны жөніндегі жаңалық Шымкентте отқа май құйғандай әсер берді. Бұған дейін әлеуметтік желіде Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновті қызметінен кетіре алмай жүрген жұрт сейсенбіден бастап мегаполиске жаңа әкімді «тағайындауға» көшті. Елшілікте жүрген Дархан Сатыбалды алғашқылардың бірі болып аталды. Біреу Әбдірахымовты, енді біреу бұрынғы облыс басшысы Асқар Мырзахметовті қала әкімі ретінде көргісі келетіндігін жазып жатыр, деп хабарлайды oinet.kz.
Жалпы, Шымкентте соңғы кездері әкім тағайындау, қызметінен алу «жырға» айнала бастады. Алдымен қызметсіз қалған Бақытжан Сағынтаевтың тағдырына тоқталсақ. Естеріңізде болса, өткен сенбіде Мемлекет басшысының «Хабарға» берген сұхбатында Президентке Сағынтаевты қызметінен кетіру жөніндегі петицияға қатысты сұрақ қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев: – Әкім расында да өте қиын жағдайға тап болды. Шамасы өмірінде бірінші рет болу керек. Мұндай тығырықтан жол тауып шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен оған кінә артпаймын, ол өзінің қызметтік міндетін адалдықпен орындап шықты. Бірақ мен алматылықтардың көңіл-күйімен де санасуым керек. Уақыты келеді, білетін боласыздар, – деді. Дүйсенбіде Алматыны 2019 жылдан бері басқарып келе жатқан Бақытжан Сағынтаев ақыры қызметінен кетті. Мемлекет басшысының Жарлығында «басқа жүмысқа ауысуына байланысты» деген әдеттегі сөз жазылғанымен, Сағынтаев әзірге жұмыссыз. Ал оның орнына тағайындалған Ерболат Досаев туралы өмірдерекке көз жүгіртіп көрсек. Сол баяғы: 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында сәбилердің жаппай ВИЧ дертіне шалдығуы оқиғасынан кейін абыройсыз жағдайда Денсаулық сақтау министрі қызметінен кеткен, кейін биліктің ауылы мен бизнестің арасын жол қылып біткен, 2012 жылы Экономика министрі қызметіне тағайындалып, 2016 жылы жерге қатысты митингілерден кейін тағы да отставкіге кеткен, 2017 жылы вице-премьер болған Досаев. Ол 2019 жылдың ақпанынан бергі аралықта Ұлттық банктің төрағасы қызметін атқарып келген. Досаев сонымен бірге 2014 жылға дейін «Forbes Kazakhstan» басылымының тұжырымы бойынша елдегі ең бай деген елу бизнесменнің тізімінен түспеген. Оның дәулеті сол жылдары 110 миллион долларды құраған. Мұндай шенеуніктің Алматыға әкім болуына қарсылар да табылды. Дереу петиция жазу, оған қол қою науқаны басталды. Алайда бұл жолы Тоқаев алматылықтардың «настроениесіне» қараған жоқ… Енді Шымкенттегі жағдайға қайта оралсақ. «Рейтинг» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанымыздай, Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновті қызметінен кетіру жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына петиция жазылып, оған онлайн қол қою жүріп жатыр. Бір қызығы, Сағынтаев пен Әйтеновке қарсы жазылған петицияның мазмұндары бір-біріне ұқсайды. Қос әкім кешегі ел басына күн туған дүрбелеңде өздерін әкім, қаланың бірінші басшысы ретінде көрсете алмаған. Хатта Әйтеновтің бір кездері асар әдісімен салынған ипподромды олигополияға жақын құрылыс компаниясының мүддесі үшін талқандап тастағаны, Шымкент жолдарындағы жағдайдың ушығып, балалар алаңшасы бұзылып, оның орнына жеке клиника салынып кеткені де келтірілген. Осы жерде Сағынтаев пен Әйтеновті қызметінен кетіру жөніндегі петициялардың бір-біріне ұқсастығымен қоса, екеуінің жер мен көктей айырмашылығына да тоқталып кетсек деп отырмыз. Айырмашылығы сол – Бақытжан Әбдірұлы қызметінен кеткенге дейін петицияға 26 мыңнан астам адам қол қойды. Ал Мұрат Дүйсенбекұлына қатысты петицияға бүгінге дейін қол қойғандардың саны 500-ден енді асып отыр. 26 мың мен 500-дің арасы қайда жатыр? Сонда Әйтеновті қызметінен кетіруге құмбыл болып жүргендердің саны 500-дің шамасында ғана ма? Бұған сіз не дейсіз? Мұны бір деңіз. Екіншіден, қызметінен кетіру жөніндегі петиция зейнет жасына жетсе де жастарға орын бермей жүрген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің немесе өңірдің әлеуметтік-экономикасын өрге сүйрей алмаған Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың емес, неге Сағынтаев пен Әйтеновтің үстінен жазылды? Осыдан кейін мегаполистің әкімдерін қызметтен кетірудің арғы жағында әлдебір ойындар бар ма деген күдіктің құлағы қылтияды. Ал әкім Әйтенов петиция жазылғалы бері жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеп жатыр. Күнде ел аралайды, халықтың талап-тілегін тыңдайды. Әкімдікке келген бойда жиналыс өткізеді. Осы аптадан бастап әкімдікке қарасты басқарма басшыларының есебін тыңдауға кірісті. Түске дейін ел аралайды, түстен кейін есеп алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың петиция жазған шымкенттіктердің көңіл-күйімен қаншалықты санасатынын қайдам, бірақ дәл қазір Шымкенттің әкімінің «настроениесі» бір жаққа кететін немесе шабадан жиыстырып жүрген адамға ұқсамайды. Сейсенбіде әкімдіктегілер ақпарат құралдарына Әйтеновтің қызметінен кетпегені жөнінде түсінік те берді. Дегенмен кім біледі?.. Енді егер Әйтенов қызметтен кеткен жағдайда оның орнын басуы мүмкін деген кандидаттардың мүмкіндіктерін саралап көрсек. Бұл тізімге Ғабидолла Әбдірахымовты енгізу артықтық ететін сияқты. 2019 жылы «зың әкім» Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «сенім кредиті таусылды» деген «диагнозбен» Шымкенттің әкімі қызметінен кеткені белгілі. Мұндай кадрдың қызметіне қайта оралуы Тоқаевқа деген «кредиттің» таусылғанын білдірмей ме? Ал Асқар Мырзахметов 2020 жылы Қордайдағы қазақ-дүнген жанжалынан кейін Жамбыл облысы әкімінің креслосынан кеткен. Егер Тоқаев Мырзахметовті қажет етсе, осы уақытқа дейін бір тізгінді берер еді. Ал әлеуметтік желіде Шымкентке әкім болады деген №1 кандидат Дархан Сатыбалды туралы бір жақты пікір айту қиын. Дархан Сатыбалды Шымкентке онсыз да бір мәрте әкім болған. Уақтысында министрліктерде, Президент Әкімшілігінде, Жоғарғы сотта, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде еңбек еткен. Шымкенттен кейін ол облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына ауысты. Көп ұзамай оның шетелге оқуға кеткені айтылды. Алайда шетелде оқып жүр деген Сатыбалды 2018 жылы Шымкенттен Сенатқа депутат болып сайланды. Бірақ Парламентте де ұзақ отырмай, Өзбекстанға елші болып ауысты. Сатыбалдының елшіліктегі жылы орнын суытатын уақыты келген сияқты. Бірақ бұл жорамал Ақорданың жоспарымен қаншалықты қиысады? Мәселе осында ғой. P.S. Айтақшы, Бақытжан Сағынтаев туған жері Жамбыл облысына әкім болып барады деген әңгіме өршіп тұр. Бердібек Сапарбаев онсыз да зейнет жасынан баяғыда асып кеткен. Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облыстық әкімдігіне жиналған наразы топтың алдына шыққан Сапарбаевты елдің «неге зейнеткерлікке кетпей жүрсіз, орныңызды қашан босатасыз?» деп қаттырақ сынға алғаны әлеуметтік желі арқылы әмбеге аян. Жамбылдың әкімі осы ақпанда 69 жасқа толады.