A place where you need to follow for what happening in world cup

«Баспана әпереміз деп алдады»: Нұр-Сұлтан тұрғыны Балғынбек Имашевтің уәдесінде тұрмағанын мәлімдеді

207

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Балғынбек Имашевке алданғанын айтып, шу шығарды. Ақсана есімді елордалық азаматшаның айтуынша, айтыскер ақын мұқтаж жандарға баспана алып береміз деп қор құрып, елден ақша жиып, жарты жылдан кейін уәдесінде тұрмайтынын айтыпты. Шу шығарған көпбалалы ана Имашев құрған қордың кеңсесіне құқық қорғау қызметкерлерін шақырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ақсана қорғаушысымен бірге кеңседен тікелей эфирге шығып, мән-жайды түсіндірді.

«2021 жылдың тамыз айында ол кісі әлеуметтік желідегі парақшасында кооператив құрып, 300 мұқтаж адамға үй алып беремін, кезекке тұрыңдар» деді. Бұл қор ма, кооператив па білмейміз, себебі, қызметкерлердің өзі дұрыс ақпарат берген емес. Кезекке тұра беріңіздер, бір орынның құны 150 мың теңге тұрады деді. Менің ол кезде алтыншы балама аяғым ауыр еді, жүктілікке дейінгі берілетін жәрдемақы ақшасы түсіп, бірден кезек сатып алдым, қолымда түбіртегім бар», — деді Ақсана.

Айтуынша, олар үй беретін ұйыммен сату-сатып алу келісімшартын жасамаған.

«Балғынбекпен WhatsApp арқылы келістік. Келісімшарт дайын болған кезде бізді кеңселеріне шақыратынын айтты. Ол кісінің аузында Алласы, бетінде сақалы болған соң сөздеріне сендім. Қараша айында Балғынбек мырза тікелей эфирге шығып, құжаттарының заңды түрде шыққанын мәлім етті. Бұл бір пирамида сияқты болып шықты. Балғынбек ол кезде бір базар салып жатқан. Менің болжауымша, біздің ақшамыз сол жаққа кетіп қалды», — деді көпбалалы ана.

Ақсананың айтуынша, Имашев жарты жыл бойы өзіне сенген адамдардың ақшасын пайдаланып, кейін қаржыны кері қайтарып беретінін айтқан.

Көп ұзамай, Балғынбек Имашев болған жайға қатысты пікір білдірді.

«Құрметті, Отандастар! Кешегі Ютубта шыққан бейнеролик туралы мынаны мәлімдеймін.

Біздің кеңсемізге баса көктеп кіріп, тікелей эфирде репортаж жасаған кім екенін білмеймін. Біздің Қайырымдылық қорға қатысы бар бір ғана кісі ол Ақсана деген әйел, қалғандары улап-шулап келіп, полиция шақырғанымен ешбірі мені де танымайды. Өйткені, «артист», «звезда эстрады» деп шатасып, тіпті, атымды білмей тұрған адам, менің немен айналысып, не әрекет жасап жатқанымды қайдан білсін?

Айтпағым, Ақсана деген әйел маған бір күн бұрын хабарласып, өз кезегінің орнына қайынсіңлісін тіркеуді талап етті. Себебі, өзі кезекке тұрғанымен, мемлекеттік бағдарлама бойынша алған баспанасы бар болып шықты.

Мен заң бойынша да, әділеттік бойынша да олай болмайтынын айтып едім, ашуланып, ертең қоғамдық ұйыммен бірге шу көтеретінін айтты. Және, солай жасады.

Кеше ол кісіні кеңсемізге шақырып, қызметкерлер ымыраға келуге тырысты, қайынсіңлісін тіркеп, комиссия шешіміне қалдырайық деп еді, «Комиссия шешімі керек емес, маған гарантия беріңдер баспана әперуге» деп талап қойды.

Енді ниетіміз Аллаға аян! Жобамызда жымқыру, қымқыру деген нәрсе атымен болған емес. Алғашқы жарна немесе депозит үшін салынған ақша басқа мақсатта жұмсалған жоқ.
Кооперативке тіргелу жарнасын 5%-дан 2.5%-ға түсірдік. Ол қайтарымсыз, кооператив қызметіне төленетін ақша.

Комиссиядан өтпегендерге тіркелу жарнасына салған қайтарымсыз ақшадан да бір тиын ұстап қалмай, толық қайтарудамыз.
Менің тарапымнан ешкімге ренішім жоқ. Абырой да, абыройсыздық та Алланың қолында. Түймедейден түйедей дау туып тұрған заман ғой. Алла амандығын берсе, баспанадан басқа да жобаларымыз бар ғой, комиссиядан өткендерге шамамыз келгенше баспаналы болуға көмек көрсетеміз», — деді айтыскер ақын.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.