Мажарстан қазақстандықтарға 250 білім грантын ұсынады. Отандастарымыз «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы шеңберінде ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Мажарстан Республикасының адами ресурстар министрлігі арасындағы келісімдердің арқасында Мажарстанның жоғары оқу орындарында тегін оқи алады.
«Қазір осындай Үкіметаралық келісімдер аясында үміткерлерді іріктеу ережелерін жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, мысалы, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетім және ерекше оқу қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ ауылдық жерлерден келген үміткерлер үшін артықшылықтар қарастырылған», – деді Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
«Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы қазақстандықтарға келесі бағдарламалар бойынша 250 грант ұсынады:
• бакалавриат бойынша 110 орын;
• магистратура бойынша 90 орын;
• бакалавриат+магистратура бойынша 30 орын;
• докторантура бойынша 20 орын.
Гранттар мажар тілін академиялық мақсатта үйрену курстарын, жатақхана ақысын, медициналық сақтандыруға жұмсалатын шығындарды өтейді. Сондай-ақ студенттерге ай сайынғы стипендия төленеді.
Оқыту ағылшын және мажар тілдерінде өтеді. Үміткерлер бір жылдық мажар тілі курсынан өткен соң сол тілде оқитын болса, таңдалған бағдарлама бойынша оқиды.
«Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы туралы толығырақ ақпарат қосымша «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ сайтында немесе ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтында жарияланады.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқа елдермен ынтымақтастық орнату бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
2021 жылы Қазақстан «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша жаңа елдермен және жоғары оқу орындарымен байланыс орнатты. 2021-2023 жылдары білім алатын жоғары оқу орындарының саны 138-ден 207-ге өсті.