Әлеуметтік желіде Лондонның Хитроу әуежайы жанындағы аялдамада түсірілген сурет таралуда. Суреттен «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі ескертеді: COVID-19 қарсы вакциналар сал ауруын тудырады» деген сөйлемді оқуға болады. Алайда бұл – жалған ақпарат, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Stopfake.kz басылымына сілтеме жасап.
Аталмыш баннерді Ұлыбританияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің (NHS) тапсырмасы бойынша аялдамаға орнатқаны жайлы ақпарат тараған. Алайда мұны британдық фактчек мамандары жоққа шығарды.
Associated Press басылымы NHS қызметінің желіде таратылған жарнама постеріне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Сондай-ақ басылым клиникалық және постклиникалық сынақтар кезінде вакцина мен Белл сал ауруы арасындағы байланыстың анықталмағанын жазады.
Сонымен қатар Ұлыбританияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің баспасөз хатшысы постердің ұйымға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Reuters басылымы жариялаған мақалада баннердегі қыздың бейнесі кез келген адам пайдалана алатын фотосурет екені жазылған. Суреттегі қыздың COVID-19 қарсы вакцина салдырғаны жайлы ақпарат жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін желіде коронавирусты қолдан таратып жатыр деген ақпарат тараған. Бұған қатысты пікір білдірген Санитарлық-эпидемиологиялық комитеті ақпараттың жалған екенін мәлімдеген.