«Шардара су электр станциясы» жарық сөнуіне байланысты жүктемені 30 МВт-тан 0-ге дейін төмендетті. Бұл туралы «Самрұқ-Энерго» компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды munaranews.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Шардара су электр станциясы» АҚ» ішкі жарық желілерінің өшуіне байланысты жүктемені 30 МВт-тан 0-ге дейін төмендетті», — делінген компания хабарламасында.
«АлЭС» АҚ мен Мойнақ су электр станциясы жүктемесін сақтап қалған. Қазіргі уақытта Жүйелік оператор пәрменімен қуатты арттыруда.
«Самрұқ-Энерго» АҚ-ның солтүстіктегі қуатпен қамтамасыз етушісі – Екібастұз ГРЭС-і жүктемені еш ақаусыз орындауда.
Екібастұздың ГРЭС-1 станциясы 6 қуат блогы жұмыс істеп тұр. Жүктемесі 2 930 МВт, ал ГРЭС-2 станциясында жүктемесі 950 МВТ-қа тең екі қуат блогы жұмыс істейді.
Айта кетейік, түскі уақытта Алматы, Тараз, Талдықорған және Шымкент қалаларында бір уақытта жарық сөнген еді.