A place where you need to follow for what happening in world cup

Заңды тұлғалардың филиалдарымен өкілдіктерін есептiк тiркеу тәртiбi

208

Заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан филиалдары мен өкiлдiктерi, оларға заңды тұлға құқығы берiлмей-ақ есептiк тiркеуге жатады

Филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу үшін тіркеуші органға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш беріледі. Өтінішке филиалды (өкілдікті) құратын заңды тұлға уәкілеттік берген адам қол қояды және ол заңды тұлғаның мөрімен бекемделеді.

Егер заңды тұлға жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылған жағдайда, өтінішті мөрмен бекемдеу талап етілмейді.

Өтінішке коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгін) есептiк тiркегенi үшін тіркеу алымының бюджетке төленгенін растайтын құжат не коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгін) есептiк тiркегенi үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ақы төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.

Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғалардың, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың филиалдары (өкілдіктері) үшін заңды тұлға бекіткен, қазақ және орыс тілдерінде екі данада филиал (өкілдік) туралы ереже, жарғының (ереженің) көшірмелері және заңды тұлғаның (қоғамдық және діни бірлестіктерді қоспағанда) филиал (өкілдік) басшысына берген сенімхаты қосымша ұсынылады.

Шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдарын (өкiлдiктерiн) есептік тiркеу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының филиалдарын (өкiлдiктерiн) есептік тiркеу үшін белгiленген тәртіппен жүргізіледі. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгiленбесе, осы тәртiппен көзделген құжаттардан басқа, филиалды (өкілдiкті) құратын шетелдiк заңды тұлғаның шет мемлекеттiң заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын растайтын, сауда тiзiлiмiнің заңдастырылған үзiндi көшiрмесі, шетелдiк заңды тұлғаның құрылтай құжаттары немесе басқа да заңдастырылған құжаты, сондай-ақ салықтық тіркеу нөмірі (немесе оның аналогы) көрсетіле отырып, шетелдік заңды тұлғаның инкорпорация еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжат қосымша ұсынылуға тиiс. Филиалды (өкiлдiкті) құратын шетелдiк заңды тұлғаның құжаттары нотариат куәландырған қазақ және орыс тiлдеріндегі аудармасымен бірге ұсынылады.

Мемлекеттік кәсіпорын филиал (өкілдік) құрған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің не мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) филиал (өкілдік) құруға келісімін растайтын құжат қосымша ұсынылады.

Акционерлік қоғамдардың филиалдары (өкілдіктері) үшін заңды тұлға бекіткен, қазақ және орыс тілдеріндегі филиал (өкілдік) туралы ереже, жарғы (ереже) және филиалдың (өкілдіктің) басшысына берілген заңды тұлғаның сенімхаты қосымша қоса беріледі.

Қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлғаның филиалын есептік тіркеу кезінде Бизнес-сәйкестендіру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмi электрондық хабарлама арқылы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган рұқсатының бар-жоғы туралы мәліметтерді алады.

Е. Жұман,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ –ның

Жамбыл облысы бойынша филиалының Жамбыл аудандық тіркеу және

жер кадастры бөлімінің бас маман-тіркеушісі

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.