A place where you need to follow for what happening in world cup

Әлеуметтік салаға баса мән беріледі

147

Апта аяғында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беретін мекемелердің жұмысымен кеңінен танысты. Белгіленген кестеге сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаев Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің жай-күйімен танысты. Айта кету керек, тұрғындардың саны жағынан аудандағы ең ірі елді мекендердің бірі саналатын Нұрлыкенттегі бұл білім ошағында 810 оқушы білім алуда. Төтенше жағдай режіміне байланысты оқушылар қашықтықтан оқытылуда. Биылғы оқу жылында мектеп бітіретін түлектермен де жеке-жеке жұмыс жасалуда. Бұл жөнінде мектеп директоры Гүлсара Омарбекова және аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Сыпатаева баяндап берді.

– Жалпы аудан мектептерінің оқушылары Білім және ғылым министрлігінің №123- ші бұйрығының негізінде қашықтықтан оқытылуда. Кейбір бастауыш мектептердің оқушылары көктемгі каникулдан соң дәстүрлі оқытуды жалғастырып, оларда барынша санитарлық талаптар сақталып отыр. Мектеп түлектері үшін, жалпы білім саласы үшін жауапты кезең саналатын ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына да дайындығымыз жақсы. Қашықтықтан оқыту бағытындағы барлық шараларды орындап отырмыз, — деді аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлсім Сыпатаева.

Облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаев мектеп директорымен сөйлесіп, оқу кабинеттерін аралап көрген соң білім саласы туралы ой-пікірін білдірді.

– Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойылғанын жақсы білесіздер. Жалпы бұл сала еліміздің негізгі саласы болып табылады. Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларға биылғы жылы ел қазынасынан қомақты қаражат бөлініп отыр. Оның ішінде Жамбыл облысына да қыруар қаражат қарастырылды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау, әлеуметтік саласына, оның ішінде жұмыспен қамту шараларын жүзеге асыруға да қомақты қаражаттар бағытталмақ. Тиісінше, аталған салаларда сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем жол берілмеуі керек. Мен бірінші кезекте сіздерге осыны қатаң ескертемін, — деді Ержан Жұматұлы.

Е.Жылқыбаев келесі кезекте Нұрлыкент ауылдық дәрігерлік амбулаториясының, аталған ауылдағы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып, сонымен қатар, несие алған жас кәсіпкер Балжан Замбаеваның лазерлі станоктың көмегімен жасайтын шағын кәсібімен, сондай-ақ, Теріс ауылында клуб ашу үшін жеке кәсіпкерден сатып алынатын екі қабатты ғимаратты, көктөбелік кәсіпкер, көпбалалы ана Рахима Ізімбетованың тігін цехын аралап көрді. Облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаевқа келесі кезекте аудандық орталық аурухананың жұмысын бас дәрігер Батихан Алпысбай таныстырды. Бас дәрігер ауданда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында жасалып жатқан жұмыстарды айтып берді. Мекемедегі басқа да ұсақ-түйек проблемаларды сөз етті.

Ержан Жұматұлының назарына Халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның Талапты ауылында тұрған үйін ауыл балаларының игілігіне беру, атап айтқанда, екіқабатты үйден «Аула клубын» ашу мәселесі ұсынылды. Бұл туралы аудан әкімі Нарбай Ергебеков түсіндіріп берді.

– Жуалының жұлдызын биіктеткен тау тұлғалардың арасында Талапты ауылының түлегі болған Шерхан Мұртазаның шоқтығы биік деуге болады. Шерхан ағамыз қызмет бабымен көбінде Алматы қаласында, Елордада болғанымен туған ауылына жиі- жиі келіп, демалып кететін. Сондай демалыс кездерінде Шерағаң осы үйде тұрды. Ағамыз дүниеден озған соң бұл үй бос қалып отыр. Шерағаның кітапханасының негізгі бөлігі де осында сақтаулы. Ендігі кезекте бұл киелі шаңырақтың бір бөлмесінен Шерағаңның мұраларын, өзі қолданған заттарын сақтайтын мұражай етіп жасақтасақ деп отырмыз. Одан бөлек, ауыл балалары өнер үйренетін «Аула клубын» ашсақ дейміз. Осы ұсынысты Шерағаңның немере інісі Әлижан Мұртазаев та қолдап-қуаттап отыр. Бұл жас ұрпақ үшін үлкен үлгі-өнегелі іс болар еді,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. Бұл ұсынысты өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев та қолдайтынын білдірді.

Келесі кезекте Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжі, №45 Тасбастау бастауыш мектебі, №7 Т.Әкімов атындағы, №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептердің, Ақтасты ауылындағы №31 Ақтасты бастауыш мектебінің, №9 Абай атындағы орта мектептің, Қошқарата ауылындағы бақылау бекетінің жұмыстары сараланды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапарын Шақпақ ауылдық округіндегі әлеуметтік, білім беру салаларындағы мекемелердің жұмысымен танысумен жалғастырып, «Шақпақ» санитарлық бақылау бекетінде қорытындылады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.