A place where you need to follow for what happening in world cup

Қордайлықтар қорасы малға толмақ

368

Аймақ басшысының бастамасымен Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту жобасы қолға алынғалы бері Қордайдағы жобаға енген, құрамында Жаңатұрмыс ауылы бар Жамбыл ауылдық округі тұрғындарының белсенділігі арта түскен. Құжатын реттеп, төмен пайызбен несие алып, несібесін арттырсам деген ағайынға жасалып жатқан қолдау да қомақты. Үй іргесі жанындағы телімінен теңге табу, ауыл маңындағы жерден ырысын теруге бағытталған мүмкіндікті мүлт жіберу алмау ауыл тұрғындарының бүгінгі қамы.

 

Былтырдан бері аудандық штаб құрылып, жұмыс алгоритмі әзірленіп, әкімдікте арнайы мамандар жұртшылықтың құжаттарын рәсімдеуге барын салып, бағыт-бағдар көрсетуде. Өткен жылдың күзінде басталған жұмыстың нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Тұрғындардың кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлік құжаттары ретке келтіріліп, несие алуға өтінімдері әлі күнге қабылдануда. Атап өтсек, бүгінгі таңда 268 азамат өтінім тапсырып үлгерген. Соның 170-і «Тараз» ӘКК тарапынан қолдауға ие болып үлгерген. Бірқатар талаптарды сақтау қажет әрине. Жобаға қатысушылар жеке кәсіпкер болып тіркелу, банктен жеке есеп шотын ашу, құжаттарды нотариуста тіркеу сынды жұмыстарды жаделдету қажет. Аудан әкімдігінің және Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері әр азаматтың осындай проблемасын шешуге бағыт беріп, барыша қолдау көрсетуде екен. Нәтижесінде 170 азаматтың 116-сының «Тараз» ӘКК қойған талаптары ескеріліп, жөнге келтіріліп, қайта аталмыш мекемеге жолдады. Осының арқасында 81 азамат несие алған.

Ауыл тұрғындары жобаның мал шаруашылығы бағытына ерекше қызығушылық танытуда. Бүгінде 261 үй иесі жалпы 6801 бас мал алуға ниет білдірген. Ауылдық округ әкімі Айдар Бірімқұловтың айтуынша, өтінім білдірушінің барлық құжаттары реттеліп, «Тараз» ӘКК-ның рұқсатын алған соң, олардың есеп шотына қаражаты көп ұзамай түседі. Ол қаражаттың 20 проценті жем-шөпке арналса, қалған ақшасына несие алушы мал сатып алады. Кейіннен, әр бас мал есепке алынып, сырғасы салынып, қораға қойылады. Бүгінгі күні барлығы 551 бас ірі-қара сатып алынып, оның 456 басы тіркеуден өткен. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары 260 құс сатып алыпты.

Округтегі тұрғындардың ауыл сыртында «пайлық» жерлері бар. Жоба ол жерлерді игеру бойынша да тиімді шарттар ұсынып отыр. Жалпы 383 үлескердің 34313,73 гектар жері бар болса, 38 үлескер «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативінің құрамына 4045,75 гектар жерімен кіріп отыр. Осы жерлерді игеруге қажетті қаражат анықталып, несие серіктестігімен қаржыландырылады. Ал, «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне келетін болсақ, оның құрамы, қатысушылары және төрағасы сайланып, Әділет басқармасында тіркеліп үлгерген. Кооперативтің жұмысына қажетті техника саны, техникаға арнайы орын, өнімдерді сақтайтын қойма, жері анықталып, биыл қарқынды жұмыс басталады деп күтілуде. Күні кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов аталмыш жоба аясында құрылған кооперативтерге ауыл шаруашылық техникаларды салтанатты түрде табыстаған болатын. «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативі 2 дана «Белорусь», 1 дана «LOVOL» тракторы, 1 комбайн және 1 дана тіркемесімен «КамАЗ» жүк көлігі, сонымен қатар өзге де техникалық құрал-жабдық алуға өтінім берген еді. Бүгінде кооператив 2 трактор, 1 шөптайлағыш пен 1 культиваторды алды. Жақын арада өзге де техникалар, облыс орталығынан жеткізілмек. Жалпы «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативтің айналым қаржысына 50 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылды. Демек, оның жұмысына артылған сенім орасан. Тек, білек сыбана еңбекке кірісу қажет.

Пилоттық жобаның тағы бір бағыты шағын жобаларды қаржыландыру, яғни кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Ол бойынша да өтінімдер қабылдануда.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.