A place where you need to follow for what happening in world cup

Қазыналы қарияларға құрмет көрсетті

178

Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді.
Сан қилы кезеңдерді басынан кешіп, өмірін еңбекпен өткізген, елдің гүлденуіне негіз қалаған аға ұрпақ бүгінде қарттықты басынан кешіп, кейінгі буынның қолдауын қажет ететіні шындық.
Әрине, қоғам, мемлекетіміз тарапынан оларға жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Бірақ айнала қоршаған орта мен жанында жүрген адамдардың аялы алақаны мен жан жылуын қажет етері сөзсіз.
Дей тұрғанмен, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету тек мемлекет тарапынан ғана емес – бүгінгі жас буынның басты парызы екенін де ұмытпаған жөн.
Осыны ескерген Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек қашанда қарияларға назар аударып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ақыл-кеңестеріне құлақ асқанды жөн санайды.
Ал, бүгінгідей елді елеңдетіп, алаңдатып отырған індеттің алдын алуға байланысты биыл Ұлыстың ұлы күні тойланбағаны баршамызға аян. Десек те қарияларымыздың баладай елеңдеп, қашанда қамқорлықпен көңіл бөлуді қажет ететіні де аян. Аудан көлемінде ахуал тұрақты. Сақтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудан басшысы бастаған орынбасарлары мен мекеме-кәсіпорын басшылары «Наурыз» мейрамының құрметіне Сарысу ауданының дамуына үлес қосқан ҰОС-ның және еңбек ардагерлері мен көпбалалы аналардың үйлеріне барып, арнайы құттықтап, сый-сияпат жасады.
Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек ең алдымен 89 жасқа келіп, 90-ға аяқ басқалы отырған Тоғызкенттік Мәдіғұл Көшмағанбетов қарияның үйіне барды. Содан соң Игілік ауылдық округіне атбасын бұрып, онда 86 жастағы Сұлтанбеков Жанайдар қариямен (суретте) тілдесіп, жаңа жылымызбен құттықтады.
Қарияларға қай кезде де қанша құрмет, қандай сый жасасақ та аздық етпейді. Кейінгі жастарға үлгі-өнеге боларлық қарияларымыз бен ақ жаулықты апаларымызда ауданымызда жеткілікті. Солардың бірі Жайылма ауылдық округінде Жақсылықова Тұрды. Наурыз айының 17-сі күні 87 жасқа толған Тұрды апамыздың өмірінің өзі бір дастан кітапқа арқау боларлықтай.
Тыл ардагері, асыл әже бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған елге сыйлы кейуана батыр ана.
14 рет құрсақ көтеріп, 50 ден астам немере, шөберелеріне тәрбие беріп, ізгі ісімен өнеге болып отыр.
Зейіні зерделі зейнеткер Тұрды Жақсылықоваға ауылдықтар да үнемі ыстық ықыласын білдіруді ұмытпайды.
Тыл ардагері талай қиындықты табандылық танытып жеңе білді. Абыз кеуделі асыл ана перзенттерін күйеуі өмірден ерте өтіп кеткен осң ешкімнен кем қылмай, еншісін бөле жармай тәрбиеледі. Ақылы дария, көпті көрген кейуананы еселі еңбек ерте есейтті. Өнегелі жан адамгершілік қасиетінен айнымады.
Аудан басшысы көпті көрген көнекөз қария апамызды ұлыс мерекесімен құттықтап, өнегелі өмір жолымен бөлісті.
Ақ жаулықты анамыз: — Мені ұмытпай ескеріп жүретін азаматтарға алғысым шексіз. Еліміз гүлдене берсін.Барлық жанұяға бақыт пен денсаулық тілеймін. Қазіргі кезде орын алып жатқан оқиғаларды көріп, теледидар арқылы есітудемін, Еліміз тыныш, жұртымыз аман болып, індеттің беті аулақ болсын. Барлығы жақсы болып, жарқын күнде өмір сүріңдер,-деп қоғамда болып жатқан жаңалықтардан хабардар екендігін де білдірді.
Құрметке бөленген қарттар өткен күндердің елестерін еске ала отырып, тәуелсіз еліміздің бүгінгі тұрмыс-тіршілігіне шүкіршіліктерін жеткізді.
Қазақ елі «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Бар ғұмырларын еңбек пен ұрпақ тәрбиесіне арнаған жандар қашанда қолдауға мұқтаж. Осы орайда, арнайы сый-құрмет көрсетіп келген аудан басшысына қарияларымыз өз тараптарынан шексіз алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.