A place where you need to follow for what happening in world cup

Қалдырған ізің мәңгілік…

366

2019-2020 оқу жылында аудан бойынша 36 мектептен 903 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 818 оқушы күндізгі мектепте, 85 оқушы кешкі мектепте, 640-ы қазақ сыныбында, 263-і орыс сыныбында білім алды. 903 мектеп бітірушінің 736-сы (81,5%) ҰБТ тапсыруға өтініш беріп, Ұлттық тестілеу орталығының базасына тіркелді.
Сондай-ақ, ағымдағы оқу жылында 48 оқушы «Алтын белгіні», 22 оқушы жалпы орта білім туралы үздік аттестатын иеленді. Төменде «Алтын белгі» иегерлерінің алтын ұясына деген жылы лебіздерін ұсынбақпыз.
11 жыл білім нәрімен сусындатқан алтын ұямен қимай қош айтыстық. Балалықты артта қалдырып, болашақ өмірге қадам басуға дайынбыз. «Мектеп – кеме, білім — теңіз» демекші, кемеміз бізді дұрыс өмірге, қиындыққа мойымауға, шыңдардың биігінен көрінуге жетелейді деп ойлаймын. Әне-міне дегенше мектеп түлегі де болдық.
Мен Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепті «Алтын белгіге» аяқтап жатырмын. Бұл менің ғана емес, аяулы оқытушыларымның ерен еңбегі.Төс белгіні алу бақыт болғанымен, мектеппен қоштасу өте ауыр. Қоштасу сәті мен үшін отбасымнан жыраққа кету секілді. Қимастық сезімі мені қатты толқытты. Түнімен көз ілмей, ішкі жан дүниеміз алай — дүлей болды.
Екінші анамыз болып, оң мен солды ажыратуды үйреткен, жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрген — аяулы ұстаздарыма білім бергені үшін, осындай жетістікке жетелегені үшін айтар алғысым шексіз. Мектеп директоры Жазира Нұрғабылқызы, Болашақ мамандығыма жол сілтеген, биология пәнінен білім берген ұстазым Мереке Лескүлқызы, сыныбымызды алға сүйреп, тәлім мен тәрбиеге жетелеген Елдос Қоразбайұлы, мектеп табалдырығын аттағаннан қарсы алып, қолыма қалам алдырып, әріп танытқан Ақкүміс Әлханқызының бізге берген тәлімі мен тәрбиесі, білімі біздер үшін — үлкен сабақ. Үлкен өмірге қадам жасауымыз, ол – ер жетуіміз.
Ұстаздарымыздың үлкен еңбегі біздің жетістіктеріміз арқылы бағаланады. Бұл жолда да ардақтыларымыздың атын шығарамыз деген үлкен үмітіміз бар. Шәкірттерін өз балаларындай көріп, дұрыс жолға сілтеген аяулы ұстаздарымыздың да қимастық сезімі бізге қатты сезілуде. Сол өміріміздің басты жол таңдаушылары сіздерсіздер — ұстаздар.Мектепте өткізілген әр сабақ,сыныптастармен өткізген күндер өте бағалы болып қалады. Болашақта да жақсы қарым — қатынаста болып, мектебіміздің одан әрі көркеюі үшін атсалысатын боламыз. Артымыздан ерген кішкентай іні-сіңілдеріме айтарым, мектептегі әр уақыттарыңды бағалап және ұстаздарыңды ардақтап, білімге ұмтылыңдар.
Мектебім! Жас түлек ретінде саған айтатын алғысым шексіз! Сен маған жазу мен оқудан бөлек, өмірде қандай адам болуды үйреттің. Әттең… Менің сенімен өткізген он бір жыл уақытым зымырап өте шықты.Сені тастап, жоғарғы оқу орнына баруым керек, бұл — өмір талабы. Он бір жыл ішінде оқып- тоқыған нәрсем баршылық, соның бірі – білім. Бұл білімді сен әлі талай оқушыларға бересің және де сол оқушыларға жаңа өмірдің есігіп ашып тұрасың. Сен маған қызықты балалық шақ сыйладың. Ұстаздарымыздың арқасында достықтың да, жаудың да, ересек өмірдің де мағынасын ұғындық. Алтын ұя мектебім, маған берілген он бір жылың мәңгі менің жүрегімде. Сенімен қоштасар сәт келді! Қош бол, мектебім!

Мөлдір БАЕТОВА,
Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің түлегі.

***

Мен мектеп табалдырығын аттағанда небәрі алты жастағы ойын баласы едім, әрі үйдің еркесі, бұзығы болдым. Алғашында мектепті түсіне қоймадым. Бір есімде қалғаны алғаш барған күнім мен соңғы қоңырау ғана. Алғаш сыныпқа кіргенде мен сияқты балалар жиналып қалыппыз. Қазір ойласам осындай балаларға қолға қалам ұстауды, жазуды және тәртіпті үйреткен, әрқайсысыларымыздың тілімізді тауып, білім берген ұстаздарымыз бар баланың анасы болған ардақты жан екен. Бастауыш сынып жетекшіміз тәртіпке берік ұстаз еді. Бастауыш сыныпты бітірген соң орта буынға да аяқ бастық. Бұл кезде әр сабақтан беретін ұстаздар әр түрлі болса да барлығы бізге айтарлықтай білім берді. Мектеп кез есімде мәңгі сақталатын тәтті шағым. Әр жылда ақ бантик, форма киіп мектепке келіп, мектептен кетуші едік. Енді міне жас түлек болдық. Ұстаздарымның еңбегін ақтап, «Алтын белгі» иегері атандым.Үлкен өмірге қадам басқалы тұрмыз. Расын айтқанда қуаныштан қимастық басым. Дегенмен бал-балалық шағымды артқа тастап есеюге тиіспін. Десе де мектебім сен менің жүрегімдесің. Ұстаздарым, сіздер менің аяулы да ардақты анам мен әкемдей жансыздар. Балалықтарым мен қателіктерім болса кешіңіздер. Сіздерге және алтын ұя мектебіме тілерім жақсылық, шығармашылық табыс, тәрбиелі, озық білімді шәкірттер көп болсын. Қоштасар уақыт жетсе де біз сіздермен мәңгілікке қоштаспаймыз. Мектеп бітірсек те келіп тұрамыз. Егер менен мектеп не үйретті десе, мен ойланбастан адами құндылықты, білім, ақыл сананы, тәртіппен бауырмашылдықты, мейірім мен ауызбіршілікті, өмірден өз орнымды табуды үйретті дер едім. Баршаңызға барлығы үшін алғыс айтамын. Мектебім өзіңмен қимай қоштасамыз!

Ұлбосын КАЛИКОВА,
Жібек-жолы мектеп лицейінің түлегі.

***
Міне, араға жылдар легін салып, кеше ғана бүлдіршін болып мектеп табалдырығын аттаған алтын ұямыздан түлек болып түлеп ұшқалы отырмыз. Мен үшін «Алтын белгі» иегері атану — үлкен мәртебе. Бұл менің ғана жетістігім емес, аудандағы білдей бір білім ордасы — Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының абыройы деп білемін. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…» деп Абай атамыз айтқандай сапалы білім мен саналы тәрбиені тел емдірген аяулы ұстаздарым, мектеп директоры Азиза Естаева, сынып жетекшілерім Ляззат Шыныбаева, Майя Қадырованың үкілі үміттерінің ақталғаны осы болар.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, кіл мықтылар танылған шуақты да шырайлы өлкем Шу өңірінен небір атпал азаматтар шыққан. Болашақ білімді жастардың қолында екенін ескере отырып, алдағы уақытта да туған жерімнің, аяулы мектебімнің мәртебесін асқақтату абыройлы міндетім екендігін терең ұғынып, біз үлгі еткен ел ардақтыларының ізін жалғауға күш-жігерімді жұмсайтын боламын.

Унзила БЕРДЕНОВА,
Е.Бекмаханов атындағы
мектеп-гимназиясының түлегі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published.